Жиынға Семей ЖТ бөлімшесінің бастығы Алмас Сейсемқанов, Семей магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Айдын Шәукежанов және облыстық басқармалар басшылары қатысты.
Кездесуде көршілес екі ел аймақтары арасындағы жолаушылар қатынасын жандандыру, шекара бекеттеріндегі өткізу мүмкіндігін арттыру, жүк тасымалы бойынша өзара іс-қимыл тетіктері, трансшекаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық, көлік және логистика мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, өткен жылдың 20 желтоқсанында «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасы аясында басталған, ұзындығы 272 шақырым болатын жаңа Бақты-Аягөз теміржол желісінің құрылысы жайлы да кеңінен сөз болды. Бұл орайда аймақта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, аймақ әкімдігі Бақты құрғақ портты салуды қоса алғанда, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін резервке алу жұмыстарын жүргізді. Десекте, бүгінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу шеңберінде техникалық-экономикалық негіздемеге түзетулер енгізілуде. Құрылыс барысы тек осыдан соң ғана күрт қарқын алмақ. Аталған жоба 2027 жылға дейін аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, жиын барысында аталып өтілгендей, құрылысы қолға алынған жаңа теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Құрылыс барысында жаңа желінің бойында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау құрылыстары салынады. Осы мақсатта отандық өндірушілерден 500 мың бірліктен астам шпал және 36 тонна рельс сатып алу да таяу болашақтың еншісінде тұр. Жергілікті қамту кем дегенде 85% құрайды деп күтілуде.
Қытайлық делегация сонымен қатар, Семей ЖТ бөлімшесінің Семей станциясы қызмет көрсететін өсімдік майы мен басқа да өнімдерді өндіріп, экспорттайтын «Qazaq Astyq» зауытында болып, жұмыс барысымен танысты. Емдеу-сауықтыру және экологиялық туризм саласы бойынша Қазақстанның ТОП-20 туристік курорттық аймағы қатарына кіретін Алакөл жағалауына да қызығушылық танытты. Курорттық аймақты дамыту мақсатында Жол картасы шеңберінде жұмыстар жалғасуда.
Қуаныш Қожаев
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"