Берекеттің бұл іске деген қызығушылығы осыдан 5 жыл бұрын пайда болған. Бастапқыда Баяндыдағы өз үйінің ауласындағы шағын жылыжайға 200 дана гүл егіп көрген ол, жылдар өткен сайын өз рекордын жаңартып отырды. Мұнайшының хоббиі кейін отбасы мүшелерінің де сүйікті іске айналып үлгерді. Берекет бес баласымен бірге қызғалдақтардың жайқалып өсуіне ерекше көңіл бөледі.
«Маған бақшада жұмыс істеп, өсімдіктерді күтіп-баптаған ұнайды. Жеке үйдің ауласында да көкөніс, жеміс ағаштарын отырғызуға әбден болады. Ал гүл егу ерекше күтімді қажет етеді. Тұқымды Нидерландтардан алдырамын. Алғашында аз-аздан ектім, содан кейін тапсырыс берушілер пайда болып, жылыжайды кеңейтуге тура келді. Мен ондаған мың дана қызғалдақ өсіремін. Өзіміздің Маңғыстау топырағына бәрін отырғызуға болады, бастысы – уақытылы күтім жасау», – дейді мұнайшы.
Берекеттің Қаражанбастағы еңбек жолы осыдан 15 жылдан астам уақыт бұрын жабдықтарды пайдалану және икемдеп жөндеу цехында басталды. Тәжірибелі шебер өз ісіне деген адалдығымен қатар, еңбекқорлығымен ұжымға үлгі.
«Қаражанбаста жұмыс істеу мен үшін зор мақтаныш. Біздің кен орны барлық көрсеткіштер бойынша көш бастап тұр. Компания бізді маман ретінде шыңдап, биікке жетелеп келеді. Сондықтан оның дамуы үшін тынымсыз жұмыс істеуге міндеттіміз», – деді Берекет.
Сүйікті іс талай тұтынушының көңілінен шыққан шағын кәсіпке айналды. Берекет өз ауласында өскен қызғалдақтармен тапсырыс берушілердің сұранысын қанағаттандырып отыр. Ол тағы мың тұқым алдырып, гүлдерді кен орнына егуді көздеп жүр. Басты мақсат – игі ісімен Қаражанбастың гүлденуіне өз үлесін қосу.