Оның Қаражанбастағы еңбек жолы осыдан 10 жыл бұрын басталған. Кен орнына алғаш қадам басқан жас маман қызметін сорап қондырғылары машинисінен бастады. Кейін тәжірибе жинақтап, оператор болды. Раис кез келген маман білуге құштарлық танытып, мақсатқа талпынғанда ғана жетістікке жететінін айтады. Осы қағидаға сүйене отырып, ол өз шеберлігін үнемі шыңдап отырады.
«Қазір мен №3 жаңа мұнай өндіру цехында механик болып жұмыс істеймін. Мұнда маған барлық өндірістік процестерді бақылау міндеті жүктелген. Біздің цехта қызметті оңтайландыру және автоматтандыру бойынша нақты жұмыстар жүргізіледі. Біз үздіксіз өндірісті қамтамасыз ете отырып, күнделікті өндіру көлемін орындауға тырысамыз. Уақытымыздың көп бөлігі вахтада өтеді. Қаражанбас бізге көп нәрсе үйретті. Сондықтан біз оны бағалап, оның дамуы үшін әлі де жұмыс істейміз», – дейді Раис.
Ол бос уақытын бақшада өткізгенді ұнатады. Ол өз үйінің ауласына көкөністер, жемістер отырғызып, оларға қамқорлық жасайды. Алма, алмұрт, жүзім, құрма, шие, қияр және қызанақ – мұның бәрі біздің механиктің маңдай термен өсірген өнімдері.
«Мен бақша өнімдерін жан рахаты үшін өсіремін. Соңғы 10 жыл ішінде біз дүкеннен жемістер мен көкөністерді сатып алмаймыз, бәрі ауламызда өседі. Балаларым мен вахтаға кеткен кезде бақшаны күтіп-баптауға көмектеседі», – дейді ол.
Мұнайшының хоббиіне әріптестері де тамсана қарайды. Ұйымшыл ұжым көктем басталысымен цех аумағын көгалдандырып, абаттандыруға кірісті. Енді №3 МӨЦ мұнайшылары өз цехының ауласына жеміс ағаштарын отырғызуды жоспарлап отыр.