К 30-летию Независимости Казахстана | 25 тамыз 10:25

Қызметте үздік, спортта сергек

«Қаражанбасмұнай» компаниясында қызмет ететін Тәуелсіздік құрдастарының бірі – бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика слесарі Жеңісбек Маханбетов.

Мұнайшы сөзінің артында сан түрлі мамандық иесі бар. Солардың бірқатары өндірісті автоматтандыру цехында жұмыс істейді. Тәуелсіздік алған жылы өмірге келген Жеңісбек Маханбетов бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика слесарі. Кейіпкеріміз 7 жылдан бері Қаражанбастағы автоматикалық құрылғылардың кем-кетігін реттеп, істен шыққан өлшеу аспаптарын қалыпқа келтіруге жауапты маман.

«Біз тәуелсіздік тұсында дүниеге келген жалынды жастар Қаражанбаспен бірге өзімізді тұлға ретінде қалыптастырып келеміз. Жұмыста білікті маман, үйде өзіндік орны биік отағасымыз. Отанға да, отбасыға да қамқорлықпен қарау асқан жауапкершілікті талап етеді. Алдыңғы буынның аманатын алып қалуға сақадай сай болуымыз тиіс», – дейді Жеңісбек.

Ұжымда іскерлігімен дараланатын Жеңісбектің Қаражанбастағы жеңісті күндері де аз емес. Ол мұнайшылар арасындағы «Үздік маман» сайысында топ жарып, бірнеше спорт додасында шашасына шаң жұқтырмаған. Отызда орда бұзуға ниетті жұмысшының алар асуы әлі алда.