К 30-летию Независимости Казахстана | 01 қазан 12:16

Қызылорда станциясында теміржолшылар арасында шахматтан сайыс өтті

Қазақстан темір жолының 120 жылдық мерейтойына орайластырған жарысты «Қазкөліккәсіп» ҚБ ұйымдастырды.

Бапкер Ақбота Қошқарова арнайы шақырылып, бөлімшенің спорт секторы Бақытжан Имбергеновпен бірге төрешілік етті. Ойынның басты шарты әр ойыншы өзіне белгіленіп берілген 20 минут ішінде қарсыласына «мат» қоюы керек. Бірнеше салалық мекемелердің ойыншылары қатысқан сайыс шеңберлі жүйемен өрбіп, ойыншылар ұзақ арбасты.

– Ойынның жеңіліс немесе жеңіс болып тәмамдалатын екі-үш нұсқасы белгілі. Бұл шахмат ойынының ережесіне негізделген. Мысалы екі ойыншыға берілген 20 минут ішінде корольге «мат» қоя алмай, уақытын өткізіп алған ойыншы жеңілген болып саналады. Шахматта рұқсат етілмеген, жүруге болмайтын жүрісті екі мәрте жүрген ойыншы жеңілген болып саналып, ойыннан шеттетілетін шахмат туры қай жерде, қандай жағдайда болсын ФИДЕ ережесін басшылыққа алады, бұл бекітілген, өзгеріске жатпайтын заңдылық, себебі шахмат осынысымен шахмат. Біздің теміржолшылар да осы заңдылықтарды сақтап ойын өткізді. Өрескел қателік болған жоқ. «Шах» пен «мат» таласқа түскен сайыста бәрі өздеріне берілген мүмкіндікті пайдаланды, жүлделі үш орынды жеңімпаздар өзара бөлісті, – деді спорт секторы Бақытжан Имбергенов.  

 

Ақтық ойындарда бақ сынаған төрт ойыншы арасынан Белкөл станциясынан Қанжарбек Ділмағанбетов жүлделі 3-орынға, Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінен Әлихан Батырхан 2-орынға көтерілсе, қарсыластарының түгеліне «шах» жүрісімен «мат» қойған Қызылорда жол дистанциясының инженері Берік Өмірзақов бәйгеге тігілген жүлде мен кубокты иеленіп, жеңімпаз атанды. Сайыс жеңімпаздарына «Қазкөліккәсіп» ҚБ тарапынан әзірленген бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.  

Сабырхан Сейілбекұлы

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"