К 30-летию Независимости Казахстана | 24 маусым 17:11

Қызылордада шағын футболдан іріктеу ойындары басталды

Сыр өңірінде «Қазкөліккәсіп» ҚБ-нің шағын футболдан жыл сайын өткізетін кезекті турнирі басталып, тораптық станцияларда алғашқы ойындар өтті. Салауатты өмір салтын ұстанатын қызылордалық теміржолшылар «Қазкөліккәсіп» ҚБ-нің дәстүрлі турының іріктеу ойындарын Қазақ теміржолының 120 жылдық мерейтойына арнап отыр. 

Ұйымдастырушысы «Қазкөліккәсіп» ҚБ-нің Қызылорда филиалы мен салалық мекемелердің кәсіподақ ұйымдары болып табылатын спорттық ойындар алдымен Шиелі станциясында шағын футболдан басталды.

Шиелі локомотив айналым депосының «Депо» құрамасы жүлделі 2-орынды, Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының «ЭЧ» командасы 3-орынды қанағат тұтса, әріптестерінен ойын алаңында айласын асырған Қызылорда жол дистанциясының «ПЧ» командасы жүлделі 1-орынды қанжығалады. Салалық мекемелердің тораптық бекеттеріндегі теміржолшылардан жасақталған құрама командалар барлық ойында кәнігі спортшылар секілді командалық тәсілдерді оңтайлы ұйымдастыра біліп, шебер ойын көрсетті. Арасында ебін тауып қарсыластарының қақпасына доп салып, көрермендер қошеметіне бөленіп жатқандар да болды.  

 

Ойынның келесі кезегі Қазалы мен Сексеуіл станцияларында болды.  Сексеуілде 1-орынды «ШЧ-40», 2-орынды «Қамқор», 3-орын «ТЭК» құрамалары еншілесе, Қазалы бекетінде өткен ҚБ-нің іріктеу турнирінде Қызылорда қосалқы бөлімінің «НОД» және Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің «НЖС» құрама командалары өзара бір топта ойын өткізді. Бұл ойынға Теміржол ауруханасы аталған дәрігерлер қауымының құрамасы да қатысуда.

«Қазкөліккәсіп» ҚБ-нің дәстүрлі спорт ойындары биыл теміржолшылардың ғасырдан асатын мерейтойына орайластырып ұйымдастырылуда. Іріктеу турларын аймақтағы тораптық станциялардағы салалық мекемелердің құрама командалары арасында кезек-кезегімен өткізудеміз. Турнирдің топтық ойындарына әр бекетте кемінде 5-6 команда қатысуда. Осы топтық ойындардың жеңімпаздары  өзара ойын өткізіп, олардың ішінен жеңіп шыққандары аймақтық турға қатысады. Ал ақтық іріктеу турында аймақ үздігі анықталып, республикалық турнирге жолдама иеленетін болады, – дейді бөлімшенің спорт секторы Бақытжан Имбергенов.  

 

Сабырхан Сейілбекұлы

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"