К 30-летию Независимости Казахстана | 26 наурыз 08:11

Локомотивтерді жабдықтауды автоматтандыру отын үнеміне әкеледі

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС, «ТЭК-ҚАЗАҚСТАН» ЖШС және «Транстелеком» АҚ өкілдері елордалық локомотив пайдалану депосында локомотивтерге рейс алдында техникалық қызмет көрсету қалай жүргізілетінімен танысты, деп хабарлайды SKnews.kz «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараның басты мақсаты – локомотивтерді жабдықтау процесінің қаншалықты автоматтандырылғанын бағалау, жанармай құю кезінде дизель отынын ұрлау ықтималдығының алғышарттарын жою.

«Тартымдық жылжымалы құрам тұтынатын отын мен электр энергиясына арналған шығындар, темір жолдың ең үлкен шығыс бабы. Оларды азайту үшін трансформациялау бойынша 10 жобаның бірі іске асырылуда. Локомотивтерді жабдықтау процесін бақылау және автоматтандыру – энергия үнемдеуге жасалған қадам, өйткені бұл адам факторының әсерін болдырмайды», – дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Қанат Көбесов.

Депода тепловоздар жабық ғимараттарда жабдықталады. «ТЭК-ҚАЗАҚСТАН» ЖШС орнатқан жабдық тепловоз багына отын құю кезінде есепке алуды жүргізеді. Компания локомотивтерді дизельді отынмен жабдықтау бойынша (сақтау, төгу-құю және жанар май құю) қызмет көрсетеді.

 

Тепловозда отынды мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтауға «Энергодиспетчерлік тартым» автоматтандырылған басқару жүйесі мүмкіндік береді. Энергия үнемдеу бойынша бұл жобаны «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС мен «Транстелеком» АҚ бірлесіп іске асыруда. Жүйе пойыздардың тартымына отын-энергетикалық ресурстардың шығынын есепке алуды автоматтандырды.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС мамандары ЭДТ АБЖ және ТЭА отын-үлестіру колонкаларынан алынған деректерді салыстырады, көрсеткіштер арасында алшақтық анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.

Жүргізіліп жатқан жұмыс дизель отынын пайдалануды бақылауды күшейтеді, оның ұрлануын іс жүзінде жояды және дизель отынын сатып алуға арналған шығыстарды қысқартады.