К 30-летию Независимости Казахстана | 23 мамыр 08:13

Мағзұм Мырзағалиев: Қауіпсіздік – әрқайсыңызға міндет

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев еншілес мекеме басшыларының қатысуымен кеңейтілген жиын өткізді.

Мағзұм Мырзағалиев еншілес және тәуелді компаниялар басшыларының ағымдағы қызмет барысы мен жұмыс жоспарлары туралы баяндамаларын тыңдады. ҚМГ Басқарма төрағасы «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС және «Қазгермұнай» БК» ЖШС басшыларына осы жылдың соңына дейін мұнай өндіру жоспарын бекітілген көрсеткіштерге сәйкес орындауды тапсырды. Бұдан бөлек, Ұлттық компанияның басшысы еншілес кәсіпорындардың басшыларына кен орындарда технологиялық шектеулерді жою және мұнай алу коэффициентін арттыру бойынша егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді міндеттеді.

Мұнай өңдеу зауыттарының басшыларына 2022 жылы өндіріс жоспарларының орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, Мағзұм Мырзағалиев технологиялық қондырғылардың тұрақты жұмыс істеп тұру үшін шаралар қабылдау, авария салдарынан өндірістің тоқтауын және келеңсіз жағдайларды алдын алу маңыздылығын атап өтті.

«ҚазТрансОйл» АҚ (ҚТО) басшысына «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбырының реконструкциясы мен жаңғырту жұмыстарын 2023 жылға дейін аяқтау міндетін жүктеді. Сонымен қатар қаржы тұрақтылығын арттыру және 2022 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд көлемін ұлғайту үшін ҚТО кірісін көбейту және шығынын оңтайландыру мәселесіне ерекше назар аударды.

Мағзұм Мырзағалиев өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне бөлек тоқталып, еншілес ұйымдардың басшыларына еңбек ұжымдарымен кездесу өткізуді тапсырды. Негізгі мақсат – жұмыскерлерге еңбек тәртібінің, өнеркәсіптік, өрт және көлік қауіпсіздігі, еңбек және қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтаудың басымдығы мен маңызын жете түсіндіру.

«Жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жарақат алу деңгейін барынша төмендету – әрқайсыңыздың басты міндеті. Өндіріс көрсеткіштерінің орындалуы қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарауға негіз бола алмайды», – деді жиын барысында ҚМГ басшысы.

Бұған дейін Мағзұм Мырзағалиев Ақтау қаласында Маңғыстау облысының еншілес кәсіпорындарымен осындай жиналыс өткізген еді.