«Мен алғаш кенішке келгенімде, айдалада заманауи кеніш пен вахталық лагерьдің салынғаны таңғалдырды, – деп еске алады сол күнді Талғат Амалұлы. – Мұнда алаңсыз еңбек ету үшін барлық керекті жағдай жасалған. Еңбек адамынан қауіпсіз жұмыс істеуді талап етпестен бұрын, қолдан келер бар мүмкіндіктің қарастырылуы компания үшін маңызды екенін сонда түсінгенмін».
Талғаттың айтуынша, кәсіпорындағы корпоративтік мәдениет өте жоғары, сенікі не менікі деген жоқ, бәрі ортақ. Әріптестер әрқашан бір-біріне көмек қолын созуға дайын. Жұмыстан қол босағанда спортпен шұғылдануға, өз бетінше ізденуге және басқа да әуестіктерімен айналысуға жеткілікті мүмкіндік бар.
«Жастайымнан техникаға әуестеніп өстім. Мамандығымды мақтаныш көремін. Қазір зауытқа ауа айдайтын компрессордың жұмысын қадағалаймын. Сондай-ақ дизель генераторлық қондырғысына қызмет көрсетемін, – дейді Талғат Амалұлы жұмысы жайлы сұрағанымызда. – Негізгі жұмысым бойынша стационарлық компрессорлық қондырғының машинисімін. Жұмыстың қыр-сырын толық меңгеріп, білгенімді жас мамандарға үйретіп келемін».
Талғат Оспанханов жұмысшы мамандығына құрметпен қарайды. 1980 жылы кәсіптік-техникалық училищені бітірісімен әскери қызметке шақырылды. Азаматтық борышын өтеп келген соң дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. 1984-89 жылдары жоғары техникалық білім алып, түрлі өндіріс орындарында еңбек етті. Соңғы 17 жылдан бері атом саласында тер төгіп, отандық уран өнеркәсібін өркендетуге өз үлесін қосып келеді.
Бүгінде Шымкент қаласында тұратын Талғат жұбайы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген бақытты отбасының отағасы. «Үнемі алға ұмтыл, ешқашан шегінбе» – бұл оның ұран етіп ұстанған өмірлік ұстанымы. Сондықтан болар Талғат өзін Қазатомөнеркәсіптің үлкен командасының бір бөлшегі екенін мақтаныш санайды.
Корпоративный журнал «KAP news»