Бүгінде «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ технологиялық сұйықтықты дайындау цехында қызмет істейтін ол 40 жыл еңбек өтілінде жақсы сөз, абыройлы атақ арқалаған жан.
Жастайынан жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарайтын Әділбек өнегелі әулетте өніп, өсті. Әкесі Қалмырза Жұмалыұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Елге оралған соң бұрынғы Гурьев облысының Маңғыстау және Есбол аудандарында 50 жылдай ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқарды. Анасы Қанбала Ізтұрғанқызы – тылда еңбек етіп, халық шаруашылығын қалпына келтіруге қатысқан, көп балалы ана.
Кейіпкеріміз 1979 жылы С.Жанғабылов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Кеңес әскері қатарында 2 жыл әскери борышын өтеді. 1983 жылы Қаламқас кенорнына жер асты жөндеу жұмыстары жөніндегі оператор болып орналасып, содан бері осы салада аянбай тер төгіп келеді. Еңбекпен есейген маман кәсіби білімін толықтыра жүруді де естен шығармаған екен.
«Өндірістен қол үзбей жүріп, мұнай және экономика саласына қатысты арнаулы және жоғары оқу орындарын бітірдім. 2010 жылдан бастап Қызылқұм кенорнындағы Қияқты ауыз су өндіру және жеткізу бөлімшесінде ауысым шеберімін. Бөлімшеде алғаш қызмет жасап бастаған уақыттан бері көптеген оң өзгерістер байқалады. Мұнда жұмыс істейтін мамандардың кәсіби шеберлігі артты. Бөлімшенің материалдық техникалық жағдайы, жаңа технологиялық құралдармен қамтылуы айтарлықтай жақсарды», - дейді білікті маман.
ТСД цехы мұнай өндіру ісінде мұнай қабаттарының өнімділігін арттыру үшін пайдаланылатын технологиялық сұйықтарды дайындаумен айналысады. Ал, Әділбек Қалмырзаұлы жұмыс істейтін Қызылқұм кенорнындағы Қияқты бөлімшесіне Бозащы түбегіндегі мұнайшыларды ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Бұл бөлімшеде күніне орта есеппен 400-600 текше метр сапалы ауыз су өндіріліп, дайындалады. Ұжымда бір ауысымдағы 9 адам ауыз суды жоғары деңгейде өндіруге күш салып келеді.
«Ауысым шебері болып жұмыс жасап жүріп, ұжымның басы қосылмаса іс өнбейтініне көзім жетті. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді екен. Біздің бейнетіміз ортақ, бақытымыз - бір. Компанияның дамуы, елдің өркендеуі, жердің гүлденуі– бірліктің, тынымсыз еңбектің арқасы», - дейді Әділбек Жұмалы.
Өткенсіз бүгін жоқ. Ұрпақ алмасып, өмір жалғасқанмен, 40 жыл ел игілігіне қызмет еткен қара алтынның әрбір тамшысында Әділбек секілді еңбек адамдарының маңдай тері, қажырлы қайраты жатыр.