К 30-летию Независимости Казахстана | 04 сәуір 08:00

Маңғыстау геологтары марапаттарға ие болды

Геологтар күніне орай, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ акт залында салтанатты шара өтіп, сала мамандары компания Басқармасының Алғыс хаты мен Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бірқатар азаматтарға ҚР Энергетика министрлігінің Алғыс хаты мен «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ естелік төсбелгілері табысталды. Ел экономикасына елеулі үлес қосатын бұл салаға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін де атап өткен жөн. Қазір компания бойынша жүзден аса геология мамандары жұмыла жұмыс істейді.

 

Салтанатты шарада «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының геология және барлау жөніндегі орынбасары Дамир Шырақбаев, Бас директордың қаржы жөніндегі орынбасары Чжан Ицюнь құттықтау сөз сөйлеп, компания геологтарының бүгінге дейін атқарған істеріне алғыс айтты.

«Геология саласында ұзақ жыл жұмыс істедім. Сала қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әріптестерімді бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Еңбектеріне табыс тілеймін», – деді ардагер геолог Жамиля Бекбосынова.

 

Жиында Геология және кен орындарын игеру департаментінің жетекші геологы Оңайбай Қойшин ҚР Энергетика министрлігінің Алғыс хатына ие болды. Мерекеде марапат алып, мерейі тасыған геологтар арнайы жайылған ас мәзірінен дәм татып, филармония өнерпаздарының концертін тамашалады.