К 30-летию Независимости Казахстана | 02 қыркүйек 08:43

Маңғыстау мұнайшылары кәсіби мерекеге орай марапатталды

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде ҚР Мұнай-газ саласы қызметкерлері күніне арналған мерекелік шаралар бастау алды. Әдетте мұнайшылардың кәсіби мерекесі қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде мерекеленеді.

Салтанатты шара Компания Бас директоры Дәулетжан Хасановтың, Басқарманың экономикалық кеңесшісі Чэнь Цзунсян мырзаның және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Мәди Кентановтың ақжарма құттықтау тілегімен басталды. Басшылар мұнайшыларды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, еліміздің өркендеуіне қосып жатқан зор үлестері үшін алғыстарын жеткізді.

 

«Кәсіби мерекемізді айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз, – деді Дәулетжан Хасанов. – Біз «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясын Қазақстанның мұнай-газ кешенінің флагманы етуге жұмыстанып жатырмыз. Баршамыз бірігіп осы жолды абыроймен еңсеріп өтеміз деп сенемін».

Мерекелік құттықтаулар салтанатты марапаттау рәсімімен жалғасты. Үкіметтік және ведомстволық наградалар – медальдар, төс белгілер, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар үздік еңбек үлгісін көрсеткен орталық аппарат мамандары мен өндірістік басқарма қызметкерлеріне табысталды.

 

Қарапайым еңбек адамдары бүгінгі салтанатты шараның басты кейіпкерлеріне айналды. Себебі осы азаматтардың жанқиярлық еңбегі бүкіл саланың табысты қызметін қамтамасыз етіп отыр. Марапат алғандардың басым бөлігі еселі еңбектің иесі ғана емес, шәкірт тәрбиелеп жүрген тәлімгер мамандар. Олар өздері жылдап жинаған мол тәжірибесін жас буынға сіңіріп, Компанияның болашағының жарқын болуына өз үлестерін қосып келеді. Ұрпақтар сабақтастығы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымына тән жарқын қасиеттердің бірі.

 

Салтанатты шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты. «Бала дауысы» республикалық конкурсының жүлдегерлері Амина Асгатова мен Дильназ Тлепова көрермендер көңілін көкке көтерді. Одан әрі музыкалық шашу елімізге белгілі өнер ұжымы «Меломен» тобының өнерімен жалғасты.

Күні ертең мерекелік шаралар Жетібай кенорнында өтеді, ал 4 қыркүйек жексенбі күні қаламқастық мұнайшылар кентінде жалғасын табады.