Ауыл шаруаларын қолдау шарасы шілде айынан жүзеге асырыла бастады. Күні бүгінге дейін Қарақия ауданына 15 500 литр және Маңғыстау ауданы қажеттіліктеріне деп 5 мың литр дизель отыны жолданды. Бұл отын биыл өлкемізде орын алған қуаңшылық салдарынан қалыптасқан жем-шөп тапшылығын жоюға жұмсалады.
Мәселен, Қарақия аудандық ауылшаруашылығы бөлімі берген ақпарат бойынша қазір «Кендірлі-Қаясан» мемлекеттік табиғи қорығы аумағында, Темірбаба, Сәрсенбай кенорны, Сайөтес жері мен Ақтөбе облысында жалпы саны 8 шөп орушы бригада қызмет етіп жатыр. Күні бүгінге дейін 2 322 тонна шөп орылып, Қарақия ауданына қарасты Құланды, Жетібай, Мұнайшы, Бостан, Сенек, Құрық және Болашақ ауылдары шаруаларының арасында үлестірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 4 мың тоннаға жетеді деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, Қарақия ауданы ауылшаруашылығы бөлімі ұйымдастыруымен Компания көмекке бөлген дизель отынының бір бөлігі өлкеге сырттан әкелінетін жем-шөп бағасын тұрақтандыру үшін жүк тасымалдаушылардың жол шығынының өтемі ретінде де беріліп отыр.
Елдің қажетіне жарай білу – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұстанған әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі.