Еңбек ұжымының озаттары «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Құрмет грамоталарымен және Алғыс хатпен марапатталды.
Салтанатты жиында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының әлеуметтік және әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев көпшілікті ел тарихындағы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
«Құрметті мұнайшылар, қадірлі әріптестер! Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздіктен асқан бақыт, Егемендіктен асқан мәртебе, Азаттықтан асқан салтанат жоқ.
«Соңғы жылдар ішінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жыл сайын 6 миллион тоннадан астам мұнай өндіруге қол жеткізіп отыр және өндірілген мұнайдың көлемін жылдан-жылға ұлғайтуда. Осы жылы да мұнай өндіру жоспарын артығымен орындаймыз деп болжап отырмыз. Өндірістің өркендеуі, жеткен жетістіктеріміз, бағындырған белестеріміз, қадірлі мұнайшылар, Сіздердің қажырлы еңбегіңіздің арқасында қол жеткен жетістік. Компанияның Отанымыздың экономикалық қуатының қарқынды дамуына қосқан үлесі сүбелі деп есептеймін», – деді Жетібай Төлеғожаев.
Құттықтау тілегін жалғаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тарғын Мысамбаев еңбек ұжымына табыс тілеп, кәсіподақтың дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосқан қызметкерлерге айрықша сый-сияпат жасады. Осы қатарда, Жетібай Төлеғожаевқа «Мұнай-газ кешені қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Салалық кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалі табысталды.
Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара Асар, Қаламқас кен орнында жалғасты. Сән-салтанатқа толы мерекелік шараны мұнайшы өнерпаздар әсем әнмен әрлеп, күмбір күймен көмкерді. Осылайша, мереке күні ел экономикасының еңсе тіктеуі жолында талмай қызмет етіп жүрген еңбек адамдары ыстық ықыласқа, шадыман шаттыққа бөленді.
Қартқа құрмет – жасқа міндет
Сонымен қатар, Тәуелсіздік күні қарсаңында жас мұнайшылар Кеңесінің тұрақты шарасы «Қартқа құрмет – жасқа міндет» қайырымдылық акциясы жүзеге асырылды.
Шара барысында жастар, Партия мүшелері жігерлі жылдарын Компанияның өркендеуіне – Тәуелсіздігіміздің баянды болуына сарп еткен бір топ сала ардагерлерін мерейлі мерекелермен құттықтап, қалалық әкімдік атынан Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына арналған естелік төсбелгілер мен Компания Басқармасы атынан сыйлықтар тапсырды.
Алғаш боп ат басын тіреген жер - еңбек жолын «Жетібаймұнайгаз» өндіру басқармасынан бастаған «Батыр ана» Сәмен Нұрхасанова апаның шаңырағы болды. Сәмен апа қызметін қатардағы мұнай-газ өндіру операторынан бастап, «ҚР жер қойнауының Құрметті барлаушысы» атағына дейін жеткен мықты маман, білікті ұстаз. Сапалы еңбегі үшін жоғары наградаларға ұсынылып, елдің ықыласына бөлене білген мұнайшы. Бүгінде немерелер мен жиендердің ортасында бақытты күн кешіп, рулы елдің анасына айналып отырған жайы бар. Сәмен апаға Ақтау қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалының төрағасы Ғ.Ниязовтың атынан Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына арналған естелік төсбелгі мен жас мұнайшылардың атынан 30000 теңге көлеміндегі сыйақы табысталды.
Одан әрі құттықтаушылар әр жылдары Компанияда қызмет еткен Ұлы Отан соғысының ардагері Қамқа Үмбеталиқызы, Збира Сатыбалдиева апаларымыз бен Нұрмұхан Қанатбаев, Қалабай Төлегенов ағаларымыздың табалдырығынан аттап, шаңырақтарындағы шаттықтың куәсі боп қайтты. «Бейнет түбі – зейнет» демекші, кен игеру кезеңі мен қайта құру заманындағы қиындықтар, сондай-ақ тоқсаныншы жылдардың тоқырауына шыдас беріп, өндірістің тасын орға жықпаған майталман мұнайшылар тұрмысының көтеріңкі күйі қуантты. Іргелері бүтін, көңілдері тоқ екен. Тосын сый жасап келген жастарға таңырқап, балаша қуанып жатты. Екпінді еңбек жылдарынан естеліктер тарқатып, ардагерлерін қашан да назарынан тыс қалдырмайтын ұйымшыл мұнайшылар ұжымына ыстық ықыластары мен аталық ақ баталарын жолдады.
Брейн-ринг - ойшылдар ойыны
Айтпақшы, жастар жағында, мерекелік шаралар желтоқсан айының 14-күні Компания құрылымдық бөлім қызметкерлері арасындағы «Брейн-ринг» зияткерлік ойынымен жалғасты. Додаға әдеттегідей «Қаламқас», «Жетібай» және «Ақтау» командалары қатысты.
Үш кезеңде қырық бес сұрақты қамтыған ойын тартысты да тартымды болды. Кейбір сұрақтардың жауабын ойыншылар ойлануға берілетін уақытты пайдаланбастан айтып жатса, кейбірінде мүдірді. Мәселен, «Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы?» деген сұраққа зияткерлер «Халық» деп мүдірместен жауап қатса, «Қамшыгер деп кімді айтамыз?» деген қарапайым сұраққа жауап таппай қалып жатты.
Сонымен, жоба тұсауы кесілгелі бері үш жылдың ішінде алғаш рет ойын жеңімпазы болып «Ақтау» командасы танылды. Ал «Жетібай» мен «Қаламқас» командалары сәйкесінше екінші және үшінші орындарға тұрақтады. «Үздік ойыншы» атағы қырағылығымен көзге түскен қаламқастық Райымбек Түзеловке бұйырды. Жеңімпаздардың барлығына естелік кубоктар мен қаржылай сыйақы табысталды.