К 30-летию Независимости Казахстана | 23 октября 16:40

Маңғыстау теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды

Маңғыстау облысында 1969 жылы салынған Маңғыстау станциясының теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды.

Жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан еліміздің теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде орындалды. Қайта құру барысында үш жер үсті және бір техникалық қабаттан тұратын вокзал ғимараты толығымен жаңартылды. Шатыр, қасбет және ішкі әрлеу жұмыстары орындалып, инженерлік желілер мен байланыс жүйелері жаңғыртылды. Вокзал заманауи хай-тек стиліндегі сәулеттік көрініске ие болды. Қасбет жылуды сақтауды және үй-жайларды ультракүлгін сәулелерден қорғауды қамтамасыз ететін витраждармен безендірілген. Жаңартылған шатыр жылу оқшаулағышымен және электр жылытуы бар нөсер су бұру жүйесімен жабдықталған.

Ғимаратты функционалды аймақтарға бөлу жолаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып ұйымдастырылған. Бірінші қабатта

тексеру алаңы, вестибюль, кассалар, күту залы, кофехана және багажды сақтау бөлмесі орналасқан. Екінші қабатта қосымша күту аймағы, ана мен бала бөлмелері, жолаушылардың ұзақ демалу бөлмелері бар, сондай-ақ сауда орындарымен жабдықталған. Үшінші қабат әкімшілік және қызметтік үй-жайларға арналған. Интерьер заманауи жанбайтын және тозуға төзімді материалдардан жасалған. Ғимаратта өңір тарихын, мәдени құндылықтарын және негізгі көрікті жерлерін бейнелейтін қабырға барельефі орнатылған. Мобильділігі төмен жолаушыларға ыңғайлы болуына ерекше назар аударылған: олар үшін лифтілер, эскалаторлар мен траволаторлар орнатылып, тактильді навигация және арнайы уақытша демалыс бөлмесі қарастырылған. Вокзал заманауи желдету, бейнебақылау, кіруді бақылау және өрт дабылы жүйелерімен, сондай-ақ тексеру жабдықтарымен жабдықталған. Күту залдарында ақпараттық тақталар мен вандалға қарсы креслолар орнатылған.  

Вокзал 1-класқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 2 481 адамды құрайды. Станция арқылы Маңғыстауды Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Семей, Түркістан, Шымкент, Тараз, Орал және Атырау, сондай-ақ Өзбекстанмен байланыстыратын 16 жолаушылар пойызы өтеді. Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ және Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен іске асырылды.