К 30-летию Независимости Казахстана | 01 тамыз 13:51

Маңғыстауда газет-журнал "ұшып келетін" болды

"Қазпошта" компаниясы Маңғыстау облысында басылымдарды дрондармен жеткізе бастады. Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылына республикалық корреспонденцияны жеткізген дронның алғашқы сынақ ұшуы таяуда өткізілді. Жалпы алғанда, қазіргі заманғы құрылғы мерзімді басылымдарды облыстың сегіз аймағына табысталмақ, олар - Маңғыстау, Батыр, Баянды, Дәулет, Қызылтөбе, Сайын, Қызылсай және Ақшұқыр ауылы деп хабарлайды Компанияның баспасөз қызметі.

Басылымдарды дрондармен жеткізу жобасын Қазпошта үшінші жыл іске асыруда. Бірақ бұған дейін хаттар және газет-журналдар дрондармен тек Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жеткізілген. Биыл жобаға еліміздің батысында орналасқан Маңғыстау және Ақтөбе облыстары қосылуда.

"Дрондар жеткізу процесін оңтайландыруға көмектеседі, бірақ олар пошта қызметкерінің жұмысын ешқашан алмастыра алмайды. Бұл, мысалы, республикалық газеттердің оқырмандары оларды осы ауылға жердегі пошта көлігі келген күні емес, шығарылған күні бірден алады дегенді білдіреді. Дрондардың артықшылығы - жоғары ұтқырлық, жол сапасынан тәуелсіздік және қуат көздерін аз тұтыну", - дейді "Қазпошта" АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Дариға Утебалиева.

Жалпы алғанда, жобаны іске асыру барысында дрондар 4 960 сағатта 145 мың км  өтіп, шамамен 18,5 тонна мерзімді басылым тасымалдаған. Барлық аудандарда 2 және 4 кг жүк көтере алатын 20 дрон жұмыс істемек.

Сонымен бірге, Ұлттық пошта операторы дрондарға техникалық және басқа да қызмет көрсетпейді, өйткені бұл белгілі бір біліктілік пен қосымша шығындарды талап етеді. Қазпоштаның дрондарды шығарып, пайдаланатын алматылық "Adrome Automation" компаниясымен серіктестігі сервистік үлгіге негізделген. Компания тек басылымдарды жеткізу жұмыстары үшін төлем жасайды.