Соған байланысты жуырда Маңғыстау станциясы ЖПБ-нің әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері Маңғыстау станциясында орналасқан №1 орта мектептің 4-сынып оқушыларына теміржол аумағында ашық дәріс өтті. ЖПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Нарбек Жонелбаев техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып балаларға теміржол аумағында жүріс-тұрыс қағидасын түсіндірді.
– Темір жол аумағында жас балалар ата-аналарының қарауынсыз қалмауы керек. Ал оқушылар - теміржолда келе жатқан пойызға жол бере отырып, тек қана теміржол өтпелері бойымен кесіп өте алады. Теміржол өтпесіне кіру жолында жүргінші жол белгілерінің, бағдаршамның, шлагбаумның орналасуын және өтпе бойынша кезекшінің нұсқауын басшылыққа алуға, жақындап қалған пойыздың жоқ екендігіне көз жеткізуі тиіс, – деп оқушыларға тәптіштей түсіндірген полиция өкілі темір жолға келіп ойнауға немесе оның үстінен өтіп, вагондарға шығуға болмайтынын, оның қандай қауіпті екенін оқушыларға жеткізуге тырысты.
Нарбек Жонелбаев Көліктегі полиция департаментінің нұсқауына сәйкес мұндай кездесуді осы станцияда орналасқан №5 мектептің оқушыларымен де өткізетінін айтты. Жедел профилактикалық жұмыстардың алдын ала белгіленген кестесі бойынша, іс-шара жоспарына сәйкес жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында теміржол қызметкерлерімен де осы бағытта кездесулер өткізілмек.
Шахида Жұман
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"