К 30-летию Независимости Казахстана | 20 қыркүйек 14:08

Маңғыстаудағы мерейлі отбасылар

Отбасы күніне байланысты орайластырылған «Мерейлі отбасы - 2024» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған сайыс.

Жыл санап ауқымды түрде өткізіліп келе жатырған дүбірлі додада облысымыздан еңбекте, спортта, шығармашылық, зияткерлік салада, ғылымда жоғары жетістіктерге жеткен отбасылар қатысып, бақ сынаған.

«Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауының жеңімпаздарын анықтау бойынша өңірлік комиссияның шешіміне сәйкес бас жүлдені Қызан ауылынан келген Мұқырбаевтар әулеті қанжығасына байлады. Отағасы Бұғабай Мұқырбаев жылқыны жан серігі етіп, ат жаратып, тұлпар баптап, киелі өнердің жарасымын тауып жүрген жандардың бірі. Ол елімізде алғашқы ұйымдастырылған «Ұлы Дала жорығы» 1200 шақырымдық марафон-бәйгеде бас жүлдені жеңіп алған маңғыстаулық «Көкмойнақ» командасының бапкері ретінде танылған. Отанасы Күләш Тоғысова болса - үй шаруасында ошақтың жылуын маздатып отырған әйел. Түйе сауып, оның сүтінен құрты мен балқаймағын, жүнінен түрлі бұйым жасайтын ісмер көрінеді. Мұқырбаевтар отбасы – 6 бала, 23 немере тәрбиелеп, өсіріп отырған үлкен қара шаңырақ.

Мереке қарсаңында «Мерейлі отбасы» атанып, мерейі үстем болған жанұяның ортаншы қызы - Айдана Бұғабайқызы Майрамбаева «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау департаменті Өрт қауіпсіздігі қызметінің өрт қауіпсіздігі жөніндегі инженері. 11 жылдық еңбек өтілі бар еңбексүйгіш маман.

- Қазіргі таңда отбасы мәселесіне көңіл бөлу, неке институтын берік ету, әсіресе тәрбиеге мән беру өте маңызды. Бүтін бір отбасының татулығын, құндылығын, бірлігі мен жауапкершілігін дәріптейтін әрі айқындайтын аталмыш байқаудың қазақ отбасыларына берері мол. Әулетіміздің Маңғыстау облысынан жүлделі 1-орынды иеленуі мен үшін мақтаныш болды. Кеудемді қуаныш кернеп, алтын ұям үшін дұға тілей бердім, дейді жүзі қуаныштан бал-бұл жанған Айдана әріптесіміз.

 

Облыс деңгейіндегі байқаудың жеңімпаздары республикалық кезеңге жолдама алып, 06 қыркүйекте Астана қаласында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.С. Әшімбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен өткен «Мерейлі отбасы-2024» байқауы жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шарасына барып келген.

- Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Адалдыққа тәрбиелеп, бойымдағы ізгілік қасиеттерімді дарытқан ата-анама, өскен ортама, сондай-ақ балаларымды қарап, тілеуімді тілеп отырған ата-енеме алғысым шексіз! Біздерге сенім артып, азаматтық қолдау білдірген Маңғыстау облысының әкімдігіне, Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасына ризашылығымды білдіремін,- дейді Айдана.