К 30-летию Независимости Казахстана | 09 қараша 14:37

Маңғыстаулық мұнайшылар «Мен – донормын» акциясына қатысты

Бүгінде Маңғыстау облысында донорлық қан қорының тапшылығы сезіліп отыр. Мамандар оның басты себебі ретінде донорлар санының азайып кетуін атайды. Бұл ең алдымен әлемді жайлаған індеттің таралуынан орын алып отырған жағдай. Егер пандемияға дейін қан орталығына күн сайын 40 донор келсе, биыл еріктілер саны екі есеге дейін қысқарған. Қараша айы басталысымен компанияда ұйымдастырылған «Мен – Донормын» акциясының басты себебі де осы.

«Бірнеше жыл бұрын облыстық қан орталығы зертханасына өз еркімен қан тапсырғысы келетіндердің қарасы көп болатын. Ал бүгінде жағдай мүлдем басқаша, – дейді облыстық қан орталығының директоры Рафаэль Сарсамалиев. – Бүгінгі күні қан орталығында донорлар тапшылығы шынымен қатты сезіліп отыр. Сол себепті біз барлық кәсіпорындардың жетекшілеріне хат жолдағанбыз. Алғашқылардың бірі болып ұсынысымызды тұрақты түрде қолдап отыратын «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына алғыс білдіргім келеді. Әрине, қор қашан да бар, бірақ, қанды сақтау мерзімі 42-49 күн болғандықтан, оны үнемі толықтырып отыру қажет».

Дәрігерлердің айтуынша, кез келген адам донор бола алмайды. Олардың ең алдымен саусағынан қан алынып, денсаулығы тексеріледі. Қан құрамының майлылығы, тобы сарапталған соң ғана арнайы сауалнама толтырылады. Жиі қан тапсырған адамның ағзасы әлсірейді деген пікірді мамандар жоққа шығарып отыр. Донор болған адамның ағзасындағы барлық жасушалар жаңарып, иммунитетінің артуына себеп болады. Сондай-ақ, донорға 2 күнге жұмыстан босату туралы анықтама беріледі. Үнемі қан тапсыратын донорлар салауатты өмір салтын ұстанып, жаман әдеттерден аулақ болады. Бұл режимдердің бәрі ағзаны мейлінше жақсартуға ықпал етеді. Донор қан тапсырған күні 0,25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай сыйақы алады. Теріс резусты және 2, 4-ші топтағы қан құрамына сұраныс жоғары.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшылары қан орталығының тұрақты донорлары болып табылады. Амир Хамитов он бес жылдан бері қан тапсырып келеді. Ол бұл әрекеті арқылы әлдекімнің өмірін сақтауға көмектесетіндігін жақсы түсінеді. Акция барысында 17 адамнан 7 литр 650 мл. қан жиналды. Медицина қызметкерлері игілікті шарадан шет қалмай, өз еріктерімен қан тапсыратын мұндай азаматтардың қатары әлі де көбейетініне сенімді. Үлес қосқысы келетіндер облыстық қан орталығындағы 40-17-50 жедел байланыс нөміріне хабарласа алады.