Шалғайдағы шекара маңындағы Құрмаш бекетінің кезекшісі Әлихан Аббас маусымның 14-16 күндері Үндістанда АРАШИ ММА-ден өткен Азия ойындарында 58 келі салмақта чемпион атанды. Еліміздің көк туын Үндістанның төрінде желбіреткен жігіт жеңісін Қазақстан темір жолының 120 жылдық мерейтойына арнайды.
– Финалда үндістандықпен жарысқа шықтым. Ойын үш раунд болатын, бірақ мен оған жеткізбей, екінші раундта мерзімінен бұрын жеңдім. Осындай мүмкіндік берген «АРАШИ» ММА федерациясына алғыс айтамын. Ендігі мақсатым әлем чемпионы атану. Әлемдік ареналарда еліміздің Әнұраны шырқалып, көк байрағы желбірей берсін, – дейді бұл туралы Азия чемпионы Әлихан Аббас.
Маңғыстаулықтардың мақтанышына айналып, қазақстандық чемпиондар қатарын толықтырған жерлесіміздің бұған дейін де жетістіктері аз емес. Күрестің арнайы тәсілдерін жетік меңгеріп, соның ішінде қоян-қолтық ұрыс бойынша Қырғызстанда өткен ОРЕN турнирінің чемпионы және греплингтен Қазақстан чемпионатында жеңімпаз болған. Бокстан үш мәрте Қазақстан чемпионы. Студенттер арасында өтетін универсиада ойындарында бокстан үш жыл қатарынан бірінші орын алған. Қазір жастарды жан-жақты жаттықтырып жүрген «АРАШИ ММА» федерациясының Жаңаөзен қаласындағы жаттықтырушысы, яғни облыстық федерациясының аға жаттықтырушысы.
Жұмысымен қатар салауатты өмір салтын сақтауды ұстанып, жастарды да спортқа баулып жүрген теміржолшы жігіт қазір небәрі 27 жаста. Яғни, болашағы алдында. Әлі талай биікті бағындырарына сөз жоқ. Отбасында аға-інілі үш бауыр түбек теміржолында еңбек етеді. Бірі Жаңаөзен станциясын басқарса, енді бірі Бопай станциясында, үшіншісі Құрмаш станциясында кезекші.
Шахида Жұман
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"