Қатарластарының арасында бағы жанып, өздерінің жетістіктер қоржынына жастар сыйлығын салғандар – маңғыстаулық вагон қараушы Қуатбек Көпбаев пен бейнеулік Қуандық Қожбанов.
Қуатбек жас теміржолшылардың түбектегі өкілі және «Маңғыстау.кз» командасының белді мүшесі. Ол сонымен қатар жақында Астана қаласында өткен республикалық жастар форумына қатысып, «Өңірлер визиткасы» сайысынан үшінші орын алған маңғыстаулық команда құрамында өнер көрсетті. Жайдарман ойынында өз тобына екінші орын алуға атсалысты. Сонымен қатар Техникалық пайдалану ережелерін жаңа форматта қарастыру бағытындағы видеобайқауында белгі беру-байланыс саласындағы әріптесі Қуандық Боқаевпен бірге жобасын қорғап, «Ең үздік сценарий» аталымын ұтып алды. Елордадан осынша марапатпен оралған жас теміржолшының бұған дейін де алған марапаттары аз емес, енді міне жыл қорытындысы бойынша Мұнайлы ауданының жастар премиясы қоржынын толықтырып отыр.
Сыйлыққа ие болған екінші теміржолшы Қуандық Қожбанов та Бейнеудегі белді жастың бірі. Жол жөндеуші болған әкесінің жолымен осы салаға келген ол 1992 жылы туып, Тәуелсіздікпен қатар өскен өрен. Он жылдан бері темір жолда еңбек етеді. Алғашында вокзалда электрик болып жұмысын бастаған ол кейін вокзал кезекшісі болып төрт-бес жыл тәжірибе жинады. 2019 жылдан бері вокзал бастығының кезекші көмекшісі қызметінде өзіне тапсырылған міндетті абыроймен атқарып келеді.
Шахида Жұман
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"