Компания үшін жұмысшылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау – басты міндеттердің бірі. Сол себепті, адам өмірін сақтауға және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған бұл оқыту компанияның стратегиялық мақсаттарына толық сәйкес келеді. Өткен жылы осы бағытта 2500-ден астам өндірістік жұмысшы персонал оқытылған болса, биыл шілде айында барлық басшылық құрам қажетті оқытудан өтті.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобының өндірістік басқармаларында өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау салаларын жақсарту мақсатында 2024-2027 жылдарға арналған Жол картасы аясындағы кезекті оқу цех басшылары мен олардың орынбасарларына арналды. Оқуға Астанадан арнайы шақырылған JMJ консультант Салимгалиев Ринат Серікұлы жетекшілік етті. Курс барысында цех басшыларына әр жұмысшының аман-есен үйлеріне оралуы үшін нұсқамаларды мұқият өткізу және өндірістік бақылауды қатаң түрде жүзеге асыру қажеттілігі баса айтылды.
Оқуға 25 адам қатысты, оның ішінде техника қауіпсіздігіне жауапты мамандар да бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жазатайым оқиғалардың 90 пайызы адами факторлармен байланысты болғандықтан, компания тарапынан мұндай оқыту курстарының ұйымдастырылуы өте маңызды.
Оқыту курсы барысында қатысушылар қауіпсіз еңбек мәдениетінің негізгі қағидаларымен танысып, оны өз жұмысында қолдану жолдарын меңгерді. Бұл компанияның ұзақ мерзімді қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асырудағы тағы бір маңызды қадам болды.