К 30-летию Независимости Казахстана | 05 мамыр 13:31

Маңғыстаумұнайгаз өнерпаздарының шығармашылық кеші

Шайыр ауылында әріптестеріміз Алтынбек Сарғожаев пен Қадірбек Құдияровтың «Бұлбұл ән мен пырақ күй» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлады «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі.

Шайыр ауылдық округі әкімдігі және мәдинет бөлімінің қолдауымен өткен кеш Маңғыстау ауданының 95-жылдығына орай ұйымдастырылды. Шайыр топырағынан шыққан таланатты өнерпаздар сахнада өз туындыларын нақышына келтіре орындап, талғампаз тыңдармандарды тәнті етті.

Аталған кеште Маңғыстау ауданының маслихат хатшысы Ерболат Махмутов, Маңғыстау аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Маржан Дуланова құттықтау сөз сөйлеп, сый-сияпаттарын табыстады. Сахнада әріптестерімізге деген ақжарма тілек, ниетін білдіргендердің қатарында бүгінде халық арасында кеңінен танылған «Туған жер», «Мұнайшылар» атты әндердің сөзін жазған Дайрабай Үсіпбаев та болды.

 

«Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең» демекші, өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің мәртебесі қашанда биік. «Өнер – ұлттың жаны» дейді дана халық. Бүгінде рухани құндылықтарымыздан қол үздірмей жүрген Алтынбек Сарғожаев жетекшілік ететін «Қаламқас» вокальды-аспапты ансаблінің үлесі зор. Салдық пен серілікті әнмен әдіптеген Бес Жүйрік, Жеті қайқы әндерін насихаттаушылардың бірі, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ Орталық-инженерлік технологиялық департаментінің диспетчерлік қызмет операторы Қадірбек Құдияровтың еселі еңбегін айтпай кетуге болмас. «Бекет ата басындағы ой», «Арнау өсиет» жыр-термелерінің төл авторы.

 

Әріптестеріміз алдағы уақытта да шығармашылық ізденісін шыңдай түсетініне күмән жоқ. Қалың елге жеткізер іздеушісі, мол мұрасына ие болып, қамқор болар жанашыр жерлестері тұрғанда, Маңғыстау сазгерлерінің құлақ құрышын қандырар әуезді әндері, жыр-термелері туған елімен бірге жасап, өз өміршеңдігін жоғалтпайды деп сенеміз.

Бұрынғы мен бүгінгіні бүтіндеу – елдік болады. Халықтың жанына жақын ән-әуендерін, күмбір күйлерін жоғалтпай аман алып қалу қамымен жүрген Сіздерге айтар алғысымыз, білдірер ықыласымыз зор.