«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 02.09.2024ж. №13/7118 хаты бойынша (күзгі-қысқы мезгілге дайындық туралы) нысандарда төтенше жағдайларды (өрт, жану оқиғасы т.б) болдырмау және алдын алу мақсатында жұмысшылармен өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқама өткізіліп, нысандардың аумағын жанғыш қоқыстан, құрғақ шөптерден тазарту, мұнаймен ластануына жол бермеу, электр жабдықтарының, жылыту пештерінің жағдайын бақылау бағытында тексеру жұмыстары жүргізілді.
Қаламқас және Жетібай кен орнындағы «Семсер-Өрт Сөндіруші» ЖШС өрт сөндіру командаларының жауынгерлік дайындығын шыңдау барысында, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерімен бірлесе отырып «Қаламқасмұнайгаз» және «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармаларының өрт қауіпті нысандарында орналасқан мұнай қазандарында және ұңғыларында бірлескен өрт-тактикалық оқу жаттығулары өткізілді.
Әкімшілік, өндірістік нысандар, қоймалар өрт қауіпсіздігі талаптарына сай автоматты өрт дабылқаққыштарымен жабдықталған. Автоматты өрт сөндіру жүйелерінің, автоматты өрт дабылқаққыштарының жұмыс қабілеттігін қамтамасыз етумен және оларға қызмет көрсетумен келісім-шарт бойынша «Мұнайтелеком» ЖШС жүргізеді.
Қоғам нысандарын өрттен қорғаумен мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС айналысады. Нысандардың өртке қарсы ішкі және сыртқы сумен жабдықталуына, су жүйелерінің жай-күйіне аталмыш серіктестіктің қызметкерлері бақылау жасайды.
Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің дайындығына кесте бойынша Қауіпсіздік және еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау департаменті Өрт қауіпсіздігі қызметі басшылығы тексеру жүргізді.
Вахталық кенттерде жатақхана персоналымен өртке қарсы қызметтің өзара іс-қимылдарын ұйымдастыру мақсатында оқу-жаттығу сабақтары өткізіліп тұрады.
Өрттің шығуының басты себептері - дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтамау, ток жүйелерінің қысқа тұйықталуы, белгіленбеген жерде темекі шегу т.с.с. «Өрт-тілсіз жау» екенін әрдайым есімізде сақтап, өрт қауіпсіздігі ережелері талаптарын орындап жүрсек, өз өміріміз бен денсаулығымызға араша боларымыз сөзсіз.
ҚжЕҚ ҚОҚД Өрт қауіпсіздігі қызметі