К 30-летию Независимости Казахстана | 15 шілде 10:40

Маңғыстаумұнайгазда биыл жазатайым оқиғалар орын алмады

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мәжіліс залында Басқарма төрағаларының қатысуымен қоршаған ортаны қорғау, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі департаментінің 2022 жылдың І жартыжылдығына арналған есеп беру кездесуі өтті. Іс-шараға құрылымдық бөлім басшылары, өндірістік басқарма бастықтары және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Қайрат Сақтағанов қатысты. Жиынды «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры Дәулетжан Хасанов ашып, бүгінгі жиынның маңыздылығына тоқталды.

«Қызметкерлеріміздің денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты дүниенің бәрі біздің жіті қадағалауымызда. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру маңызды деп ойлаймын», – деді ол.

Дәулетжан Хасанов өз кезегінде еңбек қауіпсіздігін қадағалау осы саладағы тиісті мамандарға зор жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Еңбек қауіпсіздігінің алғышарты ретінде компанияның «алтын қағидаларын қатаң сақтауды» алға тартты.

Жиын барысында ЕҚҚОҚ департаментінің директоры Аманқос Мұңғалов 2022 жылдың нәтижелерімен таныстырды. Өндірістегі оқыс оқиғалардың атап айтқанда, өндірістік жарақаттар, жол-көлік оқиғалары, өрт қатерінің алдын алып, тиісті шаралар жасала беретінін жеткізді.

Биыл «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ЕТҰ-ның соңғы жартыжылдығын салыстырсақ, компания 2022 жылды жазатайым оқиғаларсыз қорытындылап отыр. Бұдан бөлек, eCapital ЖШС Қазақстандық IT компаниясымен меморандум шеңберінде Еңбекті қорғау саласындағы бизнес-процестерді автоматтандыру бойынша қосымшаны әзірлеу пилоттық жобасы қолға алынды.

 

Аталған жоба еңбекті қорғау мәдениетінің өсуіне, сондай-ақ күнделікті қағазбастылықты қысқарту, өндірістік бақылауды тіркеу, аса қауіпті жұмыстарды бақылау, жеке қорғану құралдарын есепке алып жоспарлауға мол мүмкіндік береді. Ай сайын жауапты мамандардың өндірістік апаттарға әкеп соқтыратын тәуекелдерге талдау жүргізуі және еңбек жағдайларын жақсартуға күш салуы– қашанда компанияның салмақты саясаты болып қала бермек.

Жиын соңында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ көрсеткіштері көңіл қуантатынын баса айтқан Қайрат Сақтағанов алдағы уақытта да әріптестердің осы қарқыннан таймайтынына сенім білдірді.