«Кез келген істі іліп әкету, оның тереңіне бойлап атқару мен үшін қалыпты жағдай. Бұл еңбектенуге үйреткен ата-анамның тәрбиесі болса керек. Жұмысты жауапкершілікпен сезініп, уақтылы орындау – басты қағидатым. «Қалауын тапсаң қар жанады» демей ме, ниетің мен икемің болса адамның қолынан келмейтін іс жоқ», - дейді мұнайымдық Жаным.
Лауазымдық қызметпен қатар мекемеішілік қоғамдық жұмыстарды да белсенді түрде атқаратын жұмыскер Жаным апай өндіріс ошағының сәні. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында кен орынға қатысты талай іс-шаралардың басы-қасында жүретіндігіне де куә болып жүрміз. «МұнАйым» әйелдер энергетикалық клубына да шын жанашыр.
Биязы қалыпты, жүрегі жұмсақ Жаным өз ұжымдастарының арасында да құрметке ие. Жасының үлкендігін алға тартпай, ортақ жұмысты дөңгелендіріп әкететініне риза әріптесері оны «Жанапа» дейді екен.
«Жарты өміріміз жұмыста өтеді ғой енді. Ұжымда үлкен буын ағалар да, кіші буын інілер де сыйлайды. Аллаға шүкір, сыйластық пен ауызбіршіліктің арқасында бірге еңбек етіп келеміз ғой енді», - дейді ол.
Жаным Оразмағамбетова, жұмыскердің еселі еңбегін қашанда биік бағалайтын Компаниямыздан, сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің тарапынан, тіпті Маңғыстау облысының әкімінің, «Аманат» партиясының атынан да бір емес, бірнеше бағалы марапаттарға ие болған.
Жаным бүгінде төрт қыз, бір ұлды аяқтандырып, олардан өнген немере-жиендердің тәрбиесіне асқан байыптылықпен атсалысып жүрген ардақты әже. «Балаларым байлығым!» деп еміренген ананың асқақ арманы – солардың рақатын көру. Жұмыста темірдей тәртіпті ұстанатын, жұмыс талабына мұқият жұмыскер апаймыздың аналық тілегінің орындалуына біз де тілекшіміз.