Бұл жолы орталық кеңсе мен ІІ вахта жұмысшылары «Самұрық-Қазына» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның естелік төсбелгісі, Құрмет грамоталары, алғыс хаттарымен марапатталды. Компания басшылығы ҚБМ-ның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жұмысшыларды құттықтап, қаражанбастықтардың адал еңбегі, қызметтегі кәсіби біліктілік пен жауапкершілігін ерекше атап өтті.
Марапат иелерінің арасында спортта биік белесті бағындырған мұнайшы да бар. Технологиялық көлік департаментінің цементтеуші агрегат моторисі Бауыржан Есболаев биыл Орал қаласында Самбо күресінен спорт шеберлері арасында өткен Әлем чемпионатында қола медаль қанжығалаған еді. Өндіріс пен спортты қатар ұстап, ел намысын асқақтатқан жұмысшыға ҚБМ басшылығы алғыс білдіріп, жетістігінің еселенуін тіледі.
«Марапат – жұмысқа құлшынысымызды арттырып, мерейімізді өсірді. Ел игілігі үшін жасап жатқан еңбегіміздің еленгеніне қуаныштымыз. Қаражанбас – бізді маман ретінде шыңдаған мекеме. Ортақ абыройымыздың артуы үшін тынымсыз тер төгуге әрқашан дайынбыз», - деді қаражанбастықтар.