«ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясында жасанды интеллекті қолданылатын заманауи цифрлық шешімдердің тәжірибелік-өндірістік сынақтары басталды. Технологияны қазақстандық компания әзірледі.
Mass Balance – мұнайдың материалдық балансын есептейтін «ақылды» көмекші. Ол өндірілген өнімді тауар паркінен бастап ұңғымаларға дейін дұрыс бөлуге мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай жұмыс бірнеше сағатқа созылатын әрі айына бір рет жүргізілетін. Жаңа технология арқылы нәтижелер күн сайын автоматты түрде шығады.
Сондай-ақ, жүйе ауытқуларды онлайн-режимде анықтайды, бұл мұнайдың технологиялық есебіндегі айырмашылықтарды 5%-дан төмен деңгейге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Neuronet — жасанды интеллект негізіндегі виртуалды шығын өлшегіш. Машиналық оқыту алгоритмдерінің көмегімен ол көрсеткіштерді кемінде 95% дәлдікпен болжай алады, сондай-ақ ауытқуларды бірден анықтайды. Бұл мамандарға мерзімді өлшеулер аралығында ұңғымалардың жұмысын бақылауға мүмкіндік береді. Аталған технологияны енгізу ұңғымалардың дебитін өлшеу дәлдігін, сондай-ақ мұнайдың материалдық балансын есептеу сапасын арттырады.
Мұнай саласында жасанды интеллектіні қолдану болашақ цифрлық кен орындарын құруға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.