Президент барлық майнинг фермаларды анықтау, салық және кеден мәселелерін тексеру қажет екенін айтты.
«Алынған техникалық шарттарды, сондай-ақ олардың қызметінің басқа да қырларын мұқият зерделеу керек. 15 наурызға дейін есеп берулеріңізді сұраймын», – деді Президент.
Оның айтуынша, мемлекет жұмысын ашық ашық жүргізетін майнингке қарсы емес. Сондықтан, бұл салада жұмыс істегісі келетіндердің лицензиясы болуы қажет.
«Электр энергиясын ақылға қонымды тариф бойынша алып, кірісін декларациялауы және салық төлеуі, «жасыл» энергетика жобаларын іске қосуы тиіс. Майнинг салықтарын біз де арттырамыз. Қазіргі қуаттың әр киловатына 1 теңге деген мөлшерлеме өте мардымсыз. Үкіметке аталған салықты еселеп, әрі қысқа мерзімде арттыруды тапсырамын», – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, ол Цифрлық майнингті реттеу мен дамыту жөніндегі шешімдердің толыққанды пакетін әзірлеуді тапсырды:
«Үкімет цифрлық майнингті реттеу мен дамыту бойынша толыққанды шешімдер пакетін әзірлеуі керек. Нәтижені 1 сәуірге дейін күтемін».