К 30-летию Независимости Казахстана | 13 қаңтар 15:15

Майталман мұнайшы Орынғазы Есқазиев өмірден озды

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ жанындағы Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы Орынғазы Есқазиевтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Теңіз, Ботахан, Прорва, Ровное, Оңтүстік-Шығыс Қамысты кен алаңдарын ашушы, ҚР Құрметті барлаушысы, Атырау облысының Құрметті азаматы, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ардагері Орынғазы Есқазиев 89 жасқа қараған шағында өмірден озды.

1934 жылы Атырау облысының 4-ауылында дүниеге келген Орынғазы Есқазиев өзінің бар саналы ғұмырын еліміздің мұнай-газ саласының, соның ішінде Ембі өндірісінің қалыптасып, дамуына арнады.

1957-76 жж. Қошқар мұнай өндіру кәсіпшілігінде мұнай өндіру және қабат қысымын сақтау операторы, ұңғымаларды зерттеу бригадасының шебері, Қошқар кен алаңының геологы, Комсомол мұнай өндіру кәсіпшілігінің аға геологы, «Прорвамұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы бас геологының орынбасары, бас геологы болып еңбек етті.

1976-97 жж. «Ембімұнай» бірлестігі геология бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Сол жылдарда әлемдегі ірі мұнай кен орындарының бірі -Теңіз кен алаңының ашылуына үлес қосқаны үшін ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

1997 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты.

Қазақстан Республикасы Ғылым, техника және білім беру саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Жер қойнауының Құрметті барлаушысы Орынғазы Есқазиев Ембі өндірісінде еңбек еткен жылдарда еңбекқор әрі білікті маман, дұрыс талап қоя білетін басшы, адамгершілігі мол азамат ретінде ортасына сыйлы бола білді.

​Бүгінде ғасырдан астам уақыт игеріліп келе жатқан Ембі өңіріндегі барлық кен алаңдарында қолтаңбасы сақталған Орынғазы Есқазиевтің өнегелі өмір жолы, табысты еңбегі - бүгінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп. Ембілік ардагердің есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады.