К 30-летию Независимости Казахстана | 01 маусым 13:45

Медициналық пойыз Болашақ станциясына келді

Екі жыл үзілістен соң қайта жолға шыққан медициналық пойыздарды жұртшылық сағынып-ақ қалыпты. Маңғыстау өңіріне келген ақжолтай пойыз түбектегі қызметін ел шетіндегі Түркіменстанмен шекаралас Болашақ станциясынан бастады.

Алты жүзден астам адамның басын құрайтын Болашақ кентінің тұрғындарына медициналық қызмет ауадай қажет-ақ еді. Шалғайдағы станцияда бар болғаны фельдшер қызмет көрсететін медпункт болмаса, басқадай медициналық қызмет жоқтың қасы.

Сондықтан жылжымалы емхана қызметін пайданаушылар қарасы ә дегеннен мол болды, бүкіл Болашақ жұртшылығы станцияға лап қойды десек болады. Жас та, кәрі де тегін дәрігерлік қызметтен құр қалмауға тырысты. Негізінен әйелдер мен балалардың қарасы қалың еді.

Күні бұрын жасалған хабарламаның нәтижесінде таңертеңгі тоғызда кезекке тұрғандар қалаған мамандарына кіріп қаралуды бастады. Әсіресе ультрадыбыстық аппараттар көмегіне жүгінгендер көп болды.

Жүрек-қан тамыр аурулары мен қан қысымы аймақта ең кең таралған аурулардың бірі ретінде тіркелді. Дәрігерлер табиғаты қатал, жазы өте ыстық та аңызақ далада қоныс тепкен болашақтықтардың дертіне шипа болуға тырысып, ем-дом белгілеп, ары қарай емделуге кеңес беріп жатты...

«Жәрдем» пойызының мамандары станциямызда екі күн болып, тұрғындарды түгелге жуық қабылдады. Болашақ халқы өте риза болды. Бірінен соң бірі келіп, пойыздың алдын босатпады. Денсаулық жағдайын тексертіп, барлық заманауи аппараттар қызметін пайдаланды. Ауылда дәрігерлік амбулатория бар. Бірақ онда тек бір медбике жұмыс істейді. Дәрігер болмағандықтан ауыл тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса, сол медбикеден жолдама алып, қаралуға қалаға сабылуға мәжбүр. Аудан әкімдігі мұнда келетін дәрігер табылмай тұрғанын алға тартады. Келетін маман болса Болашаққа жіберуге әзір екенін айтады. Сондықтан бұл пойыздың келуі біздің тұрғындар үшін өте қуанышты жаңалық, дер кезінде жеткен көмек болды», – дейді Болашақ станциясының бастығы Мақсат Нұрбеков.

Медпойыз Болашақта 26-27 мамыр күндері таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында пойыздағы жиырма шақты маманға станцияның 272 тұрғыны жүгінді. Оның 17-сі балалар, қалғаны ересектер еді. Пойыз одан әрі Жетібай станциясына жол тартты. Алда Қарақия, 10-бекет, Сай-Өтес, Үстірт, Тұрыш, Опорная станциялары тұр.

Шахида Жұман

Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»