«Балалардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына тек ата-ана емес, тұтас қоғам жауапты. Болашақта еліміздің тұтқасын ұстайтын азаматтар бүгін мектеп партасында отыр. Сондықтан жаңа оқу жылы алдында ҚБМ жастары болып, оқушыларға қарлығаш көмегімізді беруді жөн санадық», – деді ЖМК мүшесі Абай Халлиев.
Дәптер, түрлі қалам-қарындаш, сурет альбомдары мен оқуға қажетті өзге де құралдар. Балалар осының бәрі жинақталған сәнді сөмкені қуанышпен қабылдап, алтын ұясымен қайта қауышуға асықты. Сондай-ақ, олар мұнайшы ағаларына сабақты үздік оқуға уәде берді. Бұдан бөлек, жас мамандар мектеп кітапханасына еліміздің мәдениеті мен тарихы қамтылған энциклопедия және Қаражанбасмұнайдың 40 жылдығына орай жарық көрген «Қазыналы Қаражанбас» кітабын сыйға тартты.
«Біз жыл сайын «Мектепке жол» акциясына демеушілерді өзіміз іздейтінбіз. Бұл жолы Қаражанбас жастары хабарласып, ұсыныс білдіргенде ерекше қуандық. Қиын да қызықты саланың майталман маманына айналыңыздар», – деп алғысын білдірді мектеп директоры Сәуле Сақабаева.
Игі шараға атсалысқан мұнайшыларға мектеп әкімшілігі атынан алғыс хат табысталды. Одан соң оқушылар концерт қойып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жақсы істен жағымды әсер алған ҚБМ жастары әлі талай қайырымдылық шараларына қатысуға ниетті.