Мемлекет басшысы төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Президент қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз етіп, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың дүние-мүліктерінің сақталуын бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне, әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлуді нұсқады.
"Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға және оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші – көрсетілетін көмектер. Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс", – деді Қазақстан Президенті.
Қаланы айналып шығу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан қатты қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын аралап көрді деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Қазақстан Президентіне эвакуация жұмыстарының барысы және жарылыс ошақтарын тоқтатып, өртті сөндіру жөнінде мәлімет берілді.
Мемлекет басшысы Ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқару органдарының қызметкерлеріне ризашылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бір күннің ішінде өте ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты және жұмыстардың осы қарқынын бәсеңдетпей, жалғастыра беруді тапсырды.
Мемлекет басшысы ауруханаға бару кезінде төтенше жағдай аймағында медициналық көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Қазақстан Президенті зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларымен аман-есен қауышуына тілектестік білдірді.
Атап өтерлік жайт, Түркістан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Бейсен Тәжібайдың хабарлауынша, жедел сұрақтарға жауап беру мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтында «Арыс-көмек» арнайы блогы іске қосылды. Мысалы Арыс қаласындағы жарылыстан кейін жақынын, баласын жоғалтқандар осы сайтқа кіріп, мәлімет ала алады. Туған-туысын іздеген азаматтар arys.komek@mail.ru эл.поштасына бар мәліметті жолдай алады.
Сонымен бірге, ол, қаржылай көмек қолын созамын дейтін азаматтар үшін «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылғанын жеткізді.