Мемлекет басшысы, ең алдымен, жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия халқына көңіл айтты.
– Марқұмдардың туған-туыстарына, Өзіңізге және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтамын. Түркия – әрқашан қиындыққа қарсы тұра білген мемлекет. Сіздер мол тәжірибе мен ел бірлігінің арқасында бұл қиындықты еңсеріп шығасыздар деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қауіп-қатерге қашан да дайын болу керек екенін атап өтіп, төтенше жағдайлар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталды. Осы орайда «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» тақырыбында өтіп жатқан саммитті өте қажетті іс-шара деп есептейтінін жеткізді.
– Табиғи апат кезінде мемлекеттердің бір-біріне көмек көрсетуі аса маңызды. Бұған осы жолы тағы да көзіміз жетті. Бауырлас ел қиындыққа тап болғанда түркі жұрты ауызбіршілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетті. Қазақстан да түрік бауырларға бірден қол ұшын созды, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Түркия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін айтты.
– Түркия Қазақстанның басты бес сауда серіктесінің қатарына кіреді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 33 пайызға өсіп, 6,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қазақстанның тауарларын Түркия нарығына көптеп шығаруға мүмкіндік бар, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев түрік инвесторларының Қазақстандағы жобаларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ кездесу барысында «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты аса маңызды рөл атқаратыны сөз болды. Қазақстан тарапы әлеуеті мол осы көлік-логистикалық бағдарды дамыту үшін ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған шақыруын қабыл алып, Анкараға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Түркияға келгеніңізге қуаныштымын. Алапат жер сілкінісінен 49 мың адам қаза тапты. Осындай қиын сәтте алғашқы болып телефон шалған әлемдік көшбасшылардың бірі өзіңіз болдыңыз. Қазақстаның құтқарушылары зардап шеккен азаматтарымызды құтқаруға атсалысты. Біз шынайы бауырмалдықты сезіндік, – деді Түркия Президенті.
Сондай-ақ Режеп Тайип Ердоған кейінгі жылдардағы екіжақты сапарлар нәтижесінде барлық салада өсім бар екенін, жыл соңына дейін тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізу қажеттігін айтты. Түркия басшысы көлік саласында Орта дәліз әлеуетін толық пайдалану керектігін де атап өтті.
Сонымен қатар кездесуде екі ел арасындағы сауда, экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. Президенттер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.