Ұлттық жобаны іске асыру бойынша департамент директоры Ербол Ахметов бастаған делегация Шығыс Қазақстан, Абай және Қарағанды облыстарына ат басын бұрды. Мақсат қарапайым - құрылыс жұмыстары басталғанға дейін жайлы мектептер салынатын аумақтарды тексеру, мердігерлердің базынасы мен ұсыныс-тілектерін тыңдап, сол жерде шешу. Өйткені, 300-900 орындық жайлы мектептер келесі оқу жылының басына дейін дайын болуы керек. Ал жұмыстар уақытылы басталмаса, құрылыс уақытылы аяқталмауы мүмкін.
Жоспарға сәйкес, мердігер компаниялар келісімшартқа қол қойғаннан кейін бір апта ішінде аумаққа техника мен мамандарды жұмылдыруы керек, бірақ кейбірі әлі кіріспеген. Аумақтардың көбі қоршалмаған, бейнебақылау камералары орнатылмаған, кіреберіс жолдар белгіленбеген. Құрылыс компаниялары өкілдерінің айтуынша, жағдайға себеп болған бірқатар проблема бар: жер телімдерінің көбінде жасыл желек өсіп тұр, кейбір аумақтарды тегістеу қажет, ал кейбіріне инженерлік желілер тартылмаған. Сондай-ақ, учаскелердің көбінде қоқыс үйіліп жатыр.
Айта кетейік, Samruk-Kazyna Construction жер телімдерін бөлумен айналыспайды. Болашақ мектептердің орналасатын жерін жергілікті атқарушы органдар айқындады. Ербол Ахметов барлық ескертулер мен кемшіліктерді әкімдік пен мердігер компаниялардың өкілдерімен талқылады.
Егер мердігер жұмыстарды орындау мерзімін кем дегенде екі рет 7 күннен артық уақытқа кешіктірсе, келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылады. Ал мектептің құрылысы басқа компанияға беріледі. Барлық жайлы мектептерді уақытылы салып, тапсыру үшін осындай қатаң шаралар қабылдануда.