Вахта ауысымында өндірісті өркендетуге өз үлесін қосып жүрген сала үздіктері ҚР Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның құрмет грамоталары, алғыс хаттар және естелік медальдарына ие болды.
Өндірістік басқарма басшылығы алдымен қызметкерлерді Республика күнімен құттықтап, мерекенің тарихынан сыр шетті. Одан соң өндірістік цехтардың өз ісіне адал, жұмысына жауапты онға жуық жұмысшысына медальдар мен құрмет грамоталары, алғыс хаттар табыс етілді. Марапат алған мұнайшылар қайта жаңғырған ұлттық мерекеге орай алғысқа бөленіп, еңбегінің еленгеніне дән риза.
«Ердің атын еңбек шығарады. Ел экономикасының локомотиві саналатын мұнай саласындағы әр жұмысшыға өндірістік жауапкершілік жүктелген. Отан мен отбасының мерейі жолында Қаражанбастың қарыштап дамуы үшін әлі де тынымсыз тер төгіп, қызмет ете береміз. Еліміз аман, мұнайымыз көп болсын», – деді мұнайшылар.