К 30-летию Независимости Казахстана | 17 шілде 15:45

ММГ: Есебі түзудің - есесі түгел

Көпбалалы отбасыларға қызығушы едім. Алтын ұямда әке-шешемнің бетіме шаң тигізбей үкілеп өсірген бір ғана баласымын. Жолдасым Ерекең де отбасындағы жалғыз ұл, бір қайын апам бар. Бәлкім сол себептен болар, шүкір, бүгінде көпбалалы отбасымыз. Қазақта «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген жақсы сөз бар, туған үйімдегі ата-анамның, ақ босағамдағы ата-енемнің батасын алып, разылығына бөленіп жүрген жайым бар.

Еңбек жолын мамандығы бойынша Құрықтағы Қазынашылық департаментінде бастаған Айгүл Асқар - бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бюджет және экономикалық талдау департаментінің жетекші экономисі. Компанияның медицина, күзет қызметі және жалақы бойынша, сондай-ақ кенорындардағы жұмыскерлердің тамақтану, жатын орын секілді қаржы саласындағы ірі жобаларына қатысып, өзіне тапсырылған міндеттерін асқан жауапкершілікпен атқарып жүр.

"Өміріміздің жартысын жұмыста өткіземіз ғой. Таңертең жұмысыма қуанып келемін. Себебі жұмысым өзіме қатты ұнайды. Сөздің шыны керек, жұмыстағы атмосфера өзіңнің өзге адамдарға деген қарым-қатынасыңа байланысты. Басшылығым да, әріптестерім да өз жақынымдай болып кетті", - дейді Айгүл күлімсіреп.

Айгүл өзінің дене бітіміне, әдемі келбетіне, киген киіміне аса мән беретіндігін, сонымен қатар «Ана деген - жас әрі әдемі һәм жігерлі болуы керек» деген өмірлік ұстанымы бар екендігін де жасырмады. Уақытылы дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, пайдалы іспен шұғылдану - оның күнделікті үйреншікті ісіне айналған десек те болады. Үйдің шаруасы, балалардың сабағы, ата-ененің бабын жасауды да жан-тәнімен атқарады екен.

 

«Тәрбие - отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Саналы да, білімді бала болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. Айгүлдің айтуынша, отбасында бала тәрбиесі, ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу тұрғысында өмірлік жолдасы, осы мекемедегі Көлік департаменті автопаркінің бастығы Еркін Ғалиұлы да мықты қолдау көрсететін көрінеді. Сондай-ақ, балалардың мейілінше ата-әжелерінің қазақы тәрбиесіне, мейіріміне шомылып өсіп жатқанын тілге тиек етті:

"Өңірге белгілі сәулетші, парасат пайымымен елдің ықыласына бөленіп, біздің ақылшымызға айналған атамның еңбек жолы баршамызға үлгі. Еңбектің өр майданын көргендігі болар ұрпақтар сабақтастығын жалғауды үнемі естен шығармай, шежіре мен тәлім-тәрбиесін немерелеріне де сіңіріп отырады. Тұңғышымыз - Ертілек жігіт болды, Алматыдан университетін бітіріп келіп, қазір еңбекке араласып «ҚазМортрансфлот» ҰТКҚК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс жасайды. Одан кейінгі ұлымыз Ердәулет - Түркия мемлекетінде жоғары білім алып жатыр. Өзімнің жолымды қуған Салихатым - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқиды. Мектеп жасындағы Әсел мен Мерей - оқу үздіктері. Ал тәттілеріміз Ерасыл мен Айбике – үйдің тентектері. «Балалы үй базар» демекші, шаңырағымыз қашанда береке мен қуанышқа толы. Алла Тағаладан төріміздің сәні, үйретері көп алдымыздағы үлкендерімізге болашақта әр немересінің тойын көруді қызықтап, олардан өнген шөберелерінің қолынан су ішуді нәсіп етсе екен деген асыл арманымыз бар. Жол көрсетер ата-аналарымызды, мерейлі отбасымызды баға жетпес бақытым деп бағалаймын", - дейді тебіренген Айгүл.

Үйдегі мен түздегі жұмысын ыждағаттылықпен орындап, бүтін бір әулеттің бағын еселеп отырған кейіпкерімізге біз де жақсылық тілейміз. Ошақтың отын маздатып, шаңырақтың берекесі мен беделін асқақтата беріңіз дегіміз келеді.