К 30-летию Независимости Казахстана | 08 ақпан 16:00

ММГ қауіпсіздік қызметінің басшысы: Жүктелген міндеттер жүзеге асты

Компаниямызда еңбек заңнамасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері үлкен мәнге ие, өйткені қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы - олардың денсаулығы мен өміріне байланысты. Осы бағытта Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің атқаратын рөлі зор.

Атап айтар болсақ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тұрақты әрекет ететін комиссиясы қауіпсіздік және еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша Қоғамның құрылымдық бөлімшелері мен өндірістік бөлімшелері нысандарына ішкі және өндірістік бақылауды жүйелі түрде жүргізіп отырады. Сонымен қатар «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мердігерлік ұйымдар мен қосалқы мердігерлік ұйымдарына да өндірістік бақылау жүргізеді. Күн сайын Қоғамның көлік департаменті автокөлік құралдарының Жетібай, Қаламқас кенорындарында және Ақтау қаласы бойынша мердігерлік ұйымдарында GPS мониторингі арқылы анықталған ауытқулардың нәтижелері бойынша тексеру жүргізіледі, осы шаралардың арқасында өткен жылмен салыстырғанда жол қозғалыс ережелерінің бұзылушылығын айтарлықтай азайтуға қол жеткізілді.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ нысандарында «Қорғау» карталарын толтыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жолға қойылған. Компаниямыздың барлық нысандарына цехтар, учаскелер бойынша «Қорғау» карталарына арналған жәшіктер орнатылды. Сондай-ақ толтырылған карталар бойынша барлық деректер «Қж/еЕҚҚ модулі» арнайы электрондық бағдарламасына уақтылы енгізіліп отырады. Бұл қызметкерлердің қауіпсіздіктің алдын алуға және еңбек жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің мамандары қауіптілігі жоғары жұмыстың қауіптілігін сейілту және жарақаттануды болдырмау амалдарын қарап, үнемі ізденісте жүреді. Бұл бағытта айтарлық табыстар да бар. Мысалы, жылыту пештерінің катушкаларын бөлшектеу және монтаждау жұмыстарын орындауда инновациялық идея ойластырылып, Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің мамандары "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ қызметкерлерімен бірлесіп қауіпсіздік талаптарына сәйкес катушкаларды бөлшектеу және монтаждау үшін арнайы механикаландырылған құрылғыны әзірлеп, сынақтан өткізді. Сынақ сәтті өтті. Аталған құрылғы бүгінде компаниямыздың кенорындарында кеңінен қолданылады.

Тербелмелі станогының теңгергіш басын орнату және еңкейту бойынша «ұстағыш» слесарлық құрылғысы да ойластырылып жасалды. Өндіру ұңғымасының сағасында «ұстағыш» слесарлық құрылғыға комиссиялық сынақ жүргізіліп «ұстағыш» сынақтан сәтті өтіп, қазіргі таңда қолдануға ұсынылды.

Ай сайын кестеге сәйкес «еңбекті қорғау күні» жиыны өткізіледі. Осы шараны өткізу аясында өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және жол қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын сақтау жөнінде презентациялық материалдар көрсетіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

2016 жылдан бастап күні бүгінге дейін "Маңғыстаумұнайгаз "АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігінің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мәдениетті арттыру мақсатында, "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ және "Жетібаймұнайгаз" ӨБ-да 28 сәуір Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні мерекесіне арналған конкурс өткізіліп келеді. Бұл конкурста еңбекті қорғау мәдениетін жүргізетін үздік цех анықталады. Конкурс цехтар, учаскелер, шеберлер мен техникалық инспекторлар арасында өткізіліп жеңімпаздарға 1-орын үшін 150 000 теңге, 2-орын үшін 100 000 теңге, 3-орын үшін 50 000 теңге көлемінде сыйлықақы төленеді.

Компания басшылығы мен қызметкерлерін қауіпсіздік және еңбекті қорғау процестері бойынша ақпараттандыру мақсатында қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметі "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ еңбек және қоршаған ортаны қорғау блогы жіберген ақпараттық хаттарды Қоғамның басшылығы мен қызметкерлеріне уақытылы танысу үшін жолдап отырады.

Жыл сайын Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы және Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті қоғам объектілеріне жоспарлы тексерулер жүргізеді. Салыстырып қарасақ, компаниямыздағы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі ахуалдың жылдан жылға жақсарып келе жатқаны байқалады.

2013 жылдан бастап Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметі қызметкерлері электронды тестілеу әдісі саналатын "MyTest" электрондық бағдарламасын пайдаланады. Бүгінгі таңда "MyTest" электрондық бағдарламасы "Қаламқасмұнайгаз" және "Жетібаймұнайгаз" өндірістік басқармаларында штаттық режимде жұмыс істейді. Осының нәтижесінде жыл сайын 2500-ден астам мамандардың білімі осы электрондық әдіспен тексеріліп отырады.

Қоғам қызметкерлері үшін арнайы киім, арнайы аяқ киім және басқа да жеке қорғану құралдарын сатып алуға арналған бюджет жыл сайын ұлғайып келеді. Осы жылы мұнайшылардың қорғаныс құралдарын сервистік әдіспен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сондай-ақ, қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі құжаттарды рәсімдеуді электрондық жүйеге ауыстыру жоспарланды.

Компаниямыздағы қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселесін жетілдіру мақсатында Қоғам мен арадағы келісімге сәйкес «eCapital» ЖШС мамандары «аспанс» жобасы шеңберінде коммуникация, кері байланыс орнату және қауіпсіздік мәдениетін арттыру үшін «еңбекті қорғау» мобильді қосымшасын әзірлеуді бастады.

Өткен жылдың тамыз айынан бастап «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ құрылымдық бөлімшелері мен өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің барлық басшылары анықталған сәйкессіздіктерді веб-сайтқа «өндірістік бақылау» модулінің электрондық форматында тіркеу жүргізуде, сондай-ақ сәйкессіздіктерді тіркеу "Aspans Industry" мобильді қосымшасы арқылы да қол жетімді болды. "Еңбек қорғау" мобильді қосымшасын әзірлеуді аяқтау 2023 жылдың наурыз айының басына жоспарланып отыр.

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында қауіпсіздік және еңбекті қорғау тұрғысынан ойлауды дамытудың қарапайым әдісі бар. Ол үшін кез-келген жұмысты бастамас бұрын, өндіріс қауіпсіздігі қағидаттарының төмендегі бес тармағын міндетті түрде орындау қажет:

Ешкім зардап шекпеуі керек! Жұмысты бастамас бұрын ойланыңыз! Жұмысты қауіпсіз орындаңыз немесе мүлдем жасамаңыз! Жұмысты қауіпсіз орындауға әрқашан уақыт бар! Егер күмәндансаңыз, анықтаңыз! (Сұраңыз).

2022 жылдың 12 айында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бөлімшелерінде өндірісте жазатайым оқиға тіркелген жоқ. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің мамандары, өндірістік жарақаттануды болдырмауға табысты қол жеткізуі үшін қажеттінің бәрін жасайтынына сеніміміз мол.

 

Бауыржан Ләтіп, Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің басшысы