К 30-летию Независимости Казахстана | 18 марта 09:46

Мұнай өңдеуші тұңғыш қазақ қызы

Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдығы аясында кәсіпорын тарихын терең зерттеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. 70 мыңнан астам құжатты қамтитын өндірістік архивте 20 мыңға жуық адамның жеке іс қағазы сақталған. Қазір баспасөз қызметінің мамандары мен архивистер 1944—1978 жылдарға тиесілі 9734 мұрағаттық материалдың 3736-сын қарап үлгерді. Сарғайған қағаздарды парақтай келе, ерекше көзге түскен есімдердің бірі — Зәуре Құмарова болды.  Жалпы, кәсіпорынның 80 жылдығы — тек жетістіктерді ғана емес, өндіріс тарихындағы елеулі тұлғаларды еске алып, олардың еңбегін ұлықтайтын маңызды белес. Сонымен, мұнай өңдеуге атсалысқан тұңғыш қазақ қызы туралы архивтік деректерді сөйлетейік... Зәуре Құмарова 1928 жылы Гурьевке қарасты (қазіргі Атырау) Бақсай ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген. Ол өмірдің ауыр сынақтарына бала кезден тап болған. Әке-анасынан ерте айырылған Зәуре 1943 жылға дейін жетімдер үйінде тәрбиеленді. Сол жылы Бақсай ауданындағы Жамбыл мектебінің 5-сыныбын аяқтап, Гурьев қаласындағы №9 қолөнер училищесіне оқуға түседі. 1945 жылы аталған білім ордасын тәмамдап, 17 жастағы Зәуре №441 мұнай өңдеу зауытына жұмысқа қабылданады. Зауытта еңбек жолын электр-дәнекерлеуші болып бастап, небәрі бір айдан соң №1 цехқа оператордың көмекшісі ретінде ауыстырылады. Қысқа мерзімде өндіріс үдерісін жетік меңгерген Зәуре Құмарова 1947 жылы оператор қызметіне тағайындалды. Еңбексүйгіштігімен, кәсібіне адалдығымен көзге түскен ол тек өндірісте ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді болды. Зәуре Құмарова зауыттың ұсынысымен 1959 жылы 5 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Жоғары Кеңесте де ол жалғыз қазақ қызы болған. Бұл — сол кезең үшін ерекше жетістік еді. Мұнай өңдеу зауытында жұмыс істей жүріп, қоғамдық қызметке де белсенді араласқан ол өз заманының көшбасшы әйелдерінің біріне айналды. Атырау облысы бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу басқармасының дерегіне сүйенсек, Зәуре Құмарова төрт баланың анасы атанған. Зауыттың баспасөз қызметіндегі мамандар өмірбаянда жазылған мекен-жайға барып, Зәуре Құмарованың кенже қызы Гуля Бердіханқызын тауып, сұхбаттасты. — Анам өндіріске бала кезімізден араласып кеттік деп айтып отырушы еді. Көп техникаға бойымыз жетпейтін. Аяғымыздың астына орындық қойып, 16 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істедік. Бізді ешкім аямайтын. №1 цехта жұмыс істеген кезімізде аптап ыстықтан дем алу мүмкін болмайтын. Соған қарамастан, елге қызмет ету біздің міндетіміз деп санадық дейтін. Бос уақытында қолғап тоқып, керек заттарды тігіп, фронтқа жіберетін едік деп айтатын. Анам елдің адамы болды. Халықтың тұрмыстық жағдайы көп алаңдататын, — деп өткен шақты Гуля апай тебірене еске алды.         Өз заманының озық ойлы, қайсар мінезді қызы болған Зәуре Құмарова 1974 жылы денсаулығына байланысты ауыр жұмыстарды атқаруға тыйым салынған соң, 1975 жылы 30 жылдық еңбек өтілімен II топ мүгедегі ретінде жұмыстан босатылды. 2008 жылы 80 жасында өмірден өтті. Толығырақ ҚМГ сайтынан оқи аласыздар.