Жаңа технология мен тың ізденістерді пайдалана отырып, энергия қуатын үнемдеу, баламалы энергия көздерін пайдалану, мұнай кен орындарының жұмысын тоқтатпау – басқарма басшылығының негізгі ұстанымы.
«Жұмыс бағыты толықтай автоматтық жүйеге көшірілді. Жиілікті өзгерту қондырғысы кен орындарының барлығына дерлік қондырыла бастады. Қолмен атқарылатын жұмыстардың барлығы осы қондырғы арқылы жүргізіліп, жұмыс ауқымы айтарлықтай жеңілдетілді. Ерекше айта кеткім келетіні, энергия қуатын үнемдеу – басты мақсаттардың бірі. «Ембімұнайгаз» АҚ-да өндірілген мұнайдың өзіндік құнының электр қуатына кеткен шығынын азайту мақсатында жарықдиодты шамдар, электр қозғалтқыштарды баяу іске қосатын жиілік түрлендірушілерді өндірістік нысандарға орнату жұмыстары жүріп жатыр», – дейді басқарма бастығы Жәнібекбай Төлегенов.
Бүгінгі таңдағы пандемия кезіндегі қиындықтарға қарамастан жоспарланған жұмыстар өз денгейінде атқарылып келеді. Жалпы, әлем елдерін алаңдатқан коронавирус пандемиясы кезінде Ембі өндірісінің жұмысы бір күн де тоқтаған жоқ. Бұл жұмысшылардың денсаулығына баса мән берген, бір орталықтан дұрыс жүргізілген саясаттың жемісі деп бағалау керек.