К 30-летию Независимости Казахстана | 03 маусым 08:47

Мұнай операторы: «Қара алтын» – қазақтың абыройы

Аға маман Ғалымжан Сағиевтің «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты №2 мұнай және газ өндіру цехының операторы болып қызмет еткеніне ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті.

Ғалымжан Сағиев 1965 жылы 2 қыркүйек күні Жетібай поселкесінде мұнайшылар отбасында дүниеге келген екен. Әкесі Көздібай Сағиев ұзақ жыл ЖУТТ мекемесінде жүргізуші боп қызмет жасады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, бір әке, бір анадан тараған ұрпақ бүгінде әр салада абыройлы қызмет етіп жүр.

Бар ғұмырын кенорнында өткізген Ғалымжан ағаның қимылы епті - ертесімен тұрып өзіне тиесілі 40 шақты ұңғының жағдайын саралайды. Күніне 1300 текше метр мұнай беретін №255 топтық қондырғысының үздіксіз жұмысын өз жауапкершілігіне алған. №2 цех ұжымының арасында Ғалымжан ағаны ұстаз деп танитындар көп. Әсіресе өндіріске келген өрімдей жастардың айналшықтап, Ғалымжанның талай жылғы тәжірибесіндегі білім-білігін үлгі тұтатындар аз емес. Бүгінде Құдай қосқан қосағымен екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсіріп, адал еңбекпен абыройға бөленген бақытты отбасының қатарын толтырып отыр.

«Осы уақыт аралығында басқарма басшылығы тарапынан еңбегіміз еленіп, әртүрлі марапаттар мен медальдарға ие болдық. Ал «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының бүгінгі бағыты, даму деңгейі өте жақсы деп айта аламын. Технологиялық жабдықтармен қамтылуы тұрғысынан бұрынғы кезбен салыстыруға келмейді. Бұрындағы көп жұмыс жұмысшылардың күшімен іске асырылса, бүгінде көптеген шаруалар аппараттардың көмегімен оңай әрі тиімді орындалып жүр. Ғылыми технологияның жетістіктері мұнай өндірісі саласына дем беріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Кенорнында, қазандықтың басында күні-түні еңбек етіп жүрген өз қызметкерлеріне компания тарапынан жан-жақты жағдай жасалып отыр», – дейді Ғалымжан Сағиев.

Ол еңбек ететін ұжымда 6 адам бар. Ғалымжан аға әр жұмысшының алған марапаты бүтін ұжымның абырой-беделін көрсететінін айтады. Өндірістік жоспардың ойдағыдай орындалуы да осы ұжымның тас түйін ауыз бірлігінің арқасында әрі үлкен тәжірибемен ұштасады деп сенеді.

«Көзімізді ашқалы көріп келе жатқанымыз осы мұнай, осы кәсіп. Өмірбаян мұнайшылықпен жазылуда. Ауылдан ұзамай қалдық-ау деген өкініш болмапты өз басымда. Керісінше қазаққа бұйырған ен байлықтың бір бөлшегінде біздің де үлесіміз барына көңіл тоқ. Маңғыстаудың ғана емес, байтақ қазақтың атақ-абыройы осы «қара алтында» болып тұр ғой, мүмкін азаматтың мұраты мен бақыты осы шығар... Халыққа, елге шамамыз келгенше еңбек еттік», – деп сөзін аяқтаған еңбек адамына сүйсінбей көр!