Алпыс бес жыл бұрын осы даладан атқылаған алғашқы мұнай бұрқағы тұтас бір өңірдің өндірістік шежіресіне жол ашқан еді. Содан бері Жетібайдың жерасты байлығы ел игілігіне қызмет етіп, талай буын мұнайшының өмірімен, маңдай терімен біте қайнасты.
Мерейтойда мұнай саласының ардагерлері мен бүгінгі өндіріс еңбеккерлері бас қосып, өткен жолға тағзым етті. Еңбек озаттары мен еңбегі сіңген мамандарға құрмет көрсетіліп, өндірістің тынысын кеңейтетін арнайы техникалар табысталды.
Мерекелік күн спорттық сайыстармен, әлеуметтік қолдау шараларымен және өнерпаздардың концертімен жалғасты. Жетібайдағы бүгінгі жетістік — кешегі еңбектің өтеуі, ертеңгі мұраттың бастауы.
Мұнайлы өлкенің 65 жылдық шежіресі осылайша еңбекпен өріліп, ұрпаққа аманат болып жалғасып келеді.