К 30-летию Независимости Казахстана | 28 маусым 12:00

Мұнайшы – мануалист

Қаражанбастың сегіз қырлы жұмысшылары ерекше қабілеттерімен талайдың таңдайын қақтырып жүр. Бұған дейін біз сіздерді өндірісте жүрген спортшылармен, ақындармен, ғалымдармен, әншілермен тіпті бағбандармен таныстырған едік. Бұл жолы шипалы алақанымен омыртқаны қалпына келтіріп, тері асты және бұлшық еттің қан айналымын жақсартатын массаж жасауға қабілетті мұнайшы туралы айтпақпыз.

Ахмет Тасқымбай 10 жылдан астам уақыттан бері кен орнында қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау бөлімінің (ҚТжЕҚ) аға инженері болып жұмыс істейді. Білікті маман екі кеменің басын шебер ұстап келеді. Остеопластикаға бұрыннан қызығатын Ахмет, Мәскеуде білім алып, тәжірибесі арта түсті. Ауыр жұмыс күнінен соң әріптестері сергектік сезініп, дене қуатын қалыпқа келтіру үшін мануалист-мұнайшының қабылдауына асығады.

 

Ахмет ауырған жерді дәл анықтап, ысқылау арқылы тез әсер ете алады. Ол жүйке талшықтарын қозғай отырып, грыжа, протрузия мен дененің тұз жиналған жерлерін емдеуге көмектеседі. Остеопат ретінде, қисық омыртқаны түзету - ол үшін қиын шаруа емес. Ең бастысы – қан айналымының ырғағын, биомеханиканы және моториканы қалпына келтіру қажет. Кейін ем жүргізуге дененің өзі көмектеседі. Ең бастысы мұның бәріне ешқандай дәрі-дәрмек қолданылмайды.

«Мұнай саласы – менің жоспарларым мен идеяларымды арнайтын негізгі қызметім. Сонымен қатар, мен басқа да қабілеттерімді дамытуға тырысамын. Саусақтарымның көмегімен мен қан айналымы бұзылған жерлерді анықтаймын, содан кейін денсаулықты біртіндеп қалпына келтіру үшін қажетті ем жасаймын», – дейді Ахмет.

 

Ахмет Тасқымбай облыстағы сұранысқа ие мамандар қатарында. Ол тұрғындарды қабылдау үшін ауылдарға жиі барады. Ем алушылар мұнайшының вахтааралық демалысын бақылап жүріп, арнайы жазылады. Айта кетейік, Ахметтің жұбайы да массаж жасайды. Екеуі бірге ем алушыларды арнайы медициналық кабинетте қабылдайды. Жүздеген адамды сауықтырған Ахмет бұл іс ерекше күш пен шабыт сыйлайтынын айтады.

Дереккөз: «Қаражанбасмұнай» АҚ баспасөз қызметі