«Туған жер» сөзін ақын Дайрабай Үсіпбаев жазған. Көптеген әннің жарық көруіне себепші болған ақынның шығармашылық қоржынында көпшілік көрерменге танымал «Мұнайшылар» әні де бар. «Қаламқас» вокалды-аспапты ансамблінің репертуарындағы бұл ән «қара алтын» өндірушілердің гимініне айналды десе де болады.
«Біз әр тыңдаушының жанын тебірентетін ән іздедік. «Туған жер» әні – сол талапқа сай композиция. Әрине, бейнебаянды түсірер кезде бірнеше идея болды. Дегенмен өр өлкеміздің өз бейнесін, өз келбетін көрсететін нұсқа ұнады. Нәтижесінде өте әсерлі және әдемі туынды шықты, – дейді Алтынбек Сарғожаев.
Бейнебаян маңғаз мекен Маңғыстаудың таңғайыптары – Айрақты, Шерқала, Қарақия ойпаты сынды сұлу жерлерінде түсірілді. Мұнда атакүлдікке кіндігі байланған жандардың туған жеріне деген сүйіспеншілігі туралы айтылады. Әуеннің студиялық нұсқасы Алматыдағы студияда әрленген.
Қаламқастықтардың жаңа туындысына сәттілік тілейміз.
Лаура Жолдыбаева