Жатақхана құрылысы үстіміздегі жылдың мамыр айында басталып, іргесінің алғашқы тасын "Қазмұнайгаз" Ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев қалаған болатын. Міне, енді, бүгінгі салтанатты шараға да қатысып, мұнайшыларды жаңа қонысымен құттықтады.
"Қадірлі асарлықтар! Мамыр айында осы жатақхананың бірінші тасын қалап кеткен едім. Бүгін ашылуына арнайы келдім. Былтырдан бері осы кенорында берілген нысандардың барлығы - Ұлттық компанияның әлеуметтік саясатының игі нәтижесі. Бұл Асар кен орнының даму болашағы ескеріліп жасалып жатқан маңызды әлеуметтік шаралар", - деп атап өтті ол.
Жаңа екі қабатты тұрғын кешен 50 адамға арналған. Жатақхана талапқа сай қажетті барлық тұрмыстық қажеттіліктермен жабдықталған және де әрбір қабаты санитарлық тораппен қамтылған.
Сондай-ақ, бұл күні, Асарда медициналық қосын ашылды. Мұнда алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, мұнайшылардың денсаулығын күнделікті бақылап отыру үшін жағдай жасалған.
Жалпы, соңғы екі жылда, Асар кен орнында 86 адамдық жатақхана, жасанды шағын футбол алаңы, кітапхана, жаттығу залы, жаңа кір жуу орталығы, 75 адамдық жаңа асхана ашылды. Алда үшінші жатақхананың құрылысы басталып, 2020 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі.
Бүгінде Асар кен орнында вахталық әдіспен 150-ге тарта қызметкер еңбек етіп келеді. Тәуліктік орташа мұнай өндіру көлемі 1500 тоннаны құрап отыр. Жалпы, кен орны ашылғаннан бері Асарда 5 млн 600 тоннадан астам мұнай өндірілген. Қалған қор – 6 277,740 мың тонна. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша, кен орнының болашағы өте зор. Сондықтан Асарда «Интеллектуалдық кен орны» жобасын енгізу бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жоба мұнайдың төгілген жерлерін жедел анықтап, кемшіліктерді тез арада жоюға, өндірістік құрал-жабдықтарды бақылауға, шығындарды азайтуға, жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Кен орны қазіргі таңда күрделі жаңғыру үстінде, өндіріс үдерістері оңтайланып, жұмыс пен тұрмыс жағдайы жақсарып келеді.