Мұнайшылар арасындағы дода шахмат турнирінен басталды. 10-ға жуық қызметкер ауыр жұмыс күнінен соң, миға шабуыл жасап, зияткерлік қабілеттерін пысықтады. Шахмат тақтасындағы тартысты ойын нәтижесінде дәнекерлеу-құрастыру учаскесінің автоэлектригі Нұрлан Мәмбетов ІІІ орынға ие болды.
Ептілігімен көзге түскен бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу басқармасының бұрғышысы Саясат Ғабдиев ІІ сатыға тұрақтады. Ал қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің топ жетекшісі Қуанғали Нысанбаев қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, І орынды қанжығасына байлады.
Бәсекелестікке толы жарыс жасыл алаңда жалғасты. Шағын футбол турниріне әр түрлі цехтар мен бөлімшелерден 12 команда ерекше дайындықпен келді. Ойыншылардың ұйымшылдығы арқасында жеңіске деген ұмтылыс анық байқалды. Ұтымды пастар мен ерекше әдістер нәтижесінде қақпаға сәтті голдар салынды. Қорытындыға сәйкес, ІІІ орын бу өндіру цехының жігіттеріне бұйырды. Ал қабат қысымын ұстау цехының командасы ІІ орынды қанағат тұтты. Технологиялық көлік басқармасының жұмысшылары турнир жеңімпазы атанып, І орынға ие болды.
Ұлттық ойындардың бірі – арқан тарту сайысында ең мықты мұнайшылар анықталды. Жарысқа қатысуға 20-ға жуық команда өтініш білдіріп, физикалық күштерін сынға салды. Әр команда ерекше тәсілдерді қолдану арқылы қарсыластарды төте жолмен жеңуді көздеді. Төреші шешімімен ІІІ орын БжҰЖКЖБ командасына, ІІ орын «Мобил-Сервис» ЖШС жігіттеріне бұйырды. Ал өндірісті автоматтандыру цехының білекті де жүректі жұмысшылары жарыс жеңімпазы атанып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Айта кетейік, кәсіби мереке қарсаңындағы жарыстар волейбол және үстел теннисі ойындарымен жалғасады. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар мұнайшылар күніне арналған шаралар аясында марапатталады.