Салтанатты жиындарға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, мұнайшылар, сала ардагерлері мен басқа да сыйлы қонақтар қатысты.
Асхат Хасенов мұнай-газ өнеркәсібінің қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Мұнайшыларға қажырлы еңбегі үшін алғыс білдіріп, саланың дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Атырау және Маңғыстау облыстарында орналасқан ҚМГ кәсіпорындары мәдениет үйлері, мектептер, балабақшалар және спорт кешендері сынды әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жыл сайын қаржыландырады.
ҚазМұнайГаз 2023 жылы іске қосқан «Жарқын болашақ» гранттық бағдарламасы Маңғыстау облысының жоғары сынып оқушыларына еліміздің үздік мектептері мен колледждерінде сапалы білім алуға мүмкіндік береді. 2023-2024 оқу жылында жоба бойынша жоғары сыныптың 449 оқушысы қабылданды. Жаңа оқу жылында тағы 600 оқушыны қабылдау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Кендірлі кентінде су тұщыту зауыты салынып жатыр. Биыл Жаңаөзенде оқушылар сарайы, кітапхана және жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы басталады. Атырау облысының Құлсары қаласында кітапхана мен мұражай салынады.
Бұл ұлттық компанияның әлеуметтік жауапкершілік аясында жүргізетін жұмыстың бір бөлігі ғана. Аталмыш бастамалар өңірлердегі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Бір күн бұрын атаулы күнге орай Қызылорда мен Ақтөбеде мерекелік іс-шаралар басталып кетті. Қазақстанда мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні 2003 жылдан бері қыркүйектің бірінші жексенбісінде аталып өтіледі.