К 30-летию Независимости Казахстана | 20 қазан 08:30

Мұнайшылар үшін еңбек пен спорт – егіз

Жуырда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлері жаңа спорттық шыңдарды бағындырып үлгерді. Бұл жолы екі әріптесіміз де бірден беделді турнирлердің жүлдегері атанды.

«Қаламқасмұнайгаз» ӨБ спорт нұсқаушысы Сұлтангерей Тілегенов Түркістан қаласында өткен ардагерлер арасындағы үстел теннисінен өткен халықаралық турнирде күміс медальді жеңіп алды. Жарысқа қазақстандық спортшылардан басқа Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан теннисшілері де қатысты. Сұлтангерей Тілегенов финалда Түркістаннан келген спортшыға есе жіберіп, табанды күресте өте лайықты өнер көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, Сұлтангерей Тілегенов ардагерлер арасында үстел теннисінен Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы (2015 және 2018 жыл). 

 

Сонымен қатар, «Жетібаймұнайгаз» ӨБ МДӨЦ операторы Рақымжан Бекбосынов стендтік пресс бойынша Инклюзивті облыстық турнирде қола медальді еншіледі.

Бұл іс-шара алғаш рет Ақтау қаласында өткізілді. Аталған жарыста республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпаздары атанған 70 спортшы бақ сынады.

97 келіден жоғары санатта өнер көрсеткен Рақымжан Бекбосынов екінші кезеңде салмағы 150 келі болатын штанганы көтеріп турнирдің қола жүлдегері атанды.