Мағзұм Мырзағалиев өңірдегі азаматтық қорғау қызметі өкілдерінің ұсыныстарына сүйене отырып, су тасқынына қарсы инженерлік жұмысты жүйелі атқарып, одан әрі күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар қорғаныс бөгеттерін салу, топырақ төгу, қосымша техниканы тарту, бейінді мамандармен тәулік бойы байланыста болу жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігіне назар аударды.
Ұлттық компания басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытында судан қорғану бекеттері салынып, факел қондырғысын, сорғы-компрессорлық станцияны және басқа да технологиялық нысандарды бітеу жұмыстары жүріп жатқан алаңдарды аралап көрді.
Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері кәсіпорын аумағынан басқа Томарлы (Теңдік) кентінде ұзындығы 2500 метр және булану алқаптарының шекарасында 660 метрге созылған қорғаныс бөгеттерін салып жатыр. Жайық өзенінде су жинау қондырғысында су деңгейі бақылануда. Бұдан бөлек, 250-ден астам зауыт жұмысшылары мен 30-ға жуық арнайы техника қаланың және қала маңындағы аудандарда (Геолог, Перетаска және Соколок каналдары) су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттерін тұрғызуға тартылды.
ҚМГ басшысы сондай-ақ Қарабатан алаңына барып, «KPI Inc» ЖШС және Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі арнайы экономикалық аймақ («ҰИНТ» АЭА) аумағында жүргізіліп жатқан су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысын бағалады.
KPI зауытының қызметкерлері уақытша вахталық қалашықта эвакуация жағдайында халыққа арнап (1000 адам) тұрғын үй-жайларды жабдықтап жатыр. Сондай-ақ, кәсіпорын аумағын су тасқынынан қорғау үшін арнайы шаралар қабылданды. Одан бөлек, кәсіпорын қызметкерлері Балықшы кентінің маңында ұзындығы 1500 шақырым жерде Орал жағасын бекіту жұмыстарына атсалысуда.
«Су тасқынына байланысты күрделі жағдайды еңсеру – бәрімізге ортақ іс. Еншілес компаниялардың басшылығына судан өндірістік объектілерді қорғап қана қоймай, халыққа және жергілікті атқарушы органдарға белсенді көмек көрсету тапсырылды. Кәсіпорындарымыз су тасқынына байланысты жағдайдан қалай өтетіні біздің уақтылы әрі жедел жасаған іс-қимылдарымызға байланысты болады», - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.