Келіссөздер Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ кеңсесінде өтті. Тараптар мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару, ҚМГ-нің румын мұнай өңдеу зауыттарын мұнай ресурстарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ KMG International активтерінің, соның ішінде карбонсыздандыру аясындағы даму перспективалары саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
ҚМГ басшысы румын тарапына Petromidia МӨЗ-нің қажеттілігі үшін мұнайды қалыпты режимде жеткізуді жалғастыратынын айтты.
«Биыл «ҚазМұнайГаз» Ромпетрол компаниялар тобын (қазіргі KMG International) сатып алғанына 15 жыл толды. Осы уақытқа дейін бұл мәміле және одан кейін де Ромпетролдың дамуына салынған инвестициялар біз үшін ірі шетелдік инвестиция болды. Біз Ромпетрол бизнесінің дамуын жіті қадағалаймыз және оны стратегиялық маңызды актив ретінде қарастырамыз», – деді кездесу барысында Мағзұм Мырзағалиев.
Румынияның энергетика министрлігінің басшысы Вирджил-Даниэль Попеску Қазақстанның елордасына 6-7 қазанда өтіп жатқан Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-румын үкіметаралық комиссиясының он алтыншы отырысына қатысуға келді.